Триестте Қазақстан мен Италия арасындағы көлік және логистика саласындағы серіктестікті дамытуға арналған конференция өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Триест, 8 мамыр 2025 жыл – Италияның аса ірі портты қаласы Триестте Қазақстан мен Италия арасындағы көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған «Орта дәліз: Еуропаны Триест және Монфальконе порттары арқылы Қазақстанмен байланыстыру мүмкіндігі» тақырыбында конференция өтті. Оған Еуропалық Парламент өкілдері, Италияның Триест және Монфальконе порттарының басшылығы, логистикалық компаниялардың басшылары қатысты.

Қазақстандық тараптан іс-шараға ҚР Италиядағы Елшісі Е.Сембаев, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Ж.Тайжанов, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары И.Гончаров, сондай-ақ бірқатар қазақстандық көлік-логистикалық компаниялардың өкілдері қатысты.

Конференцияға қатысушылардың басты назары қазіргі геосаяси жағдайда Азия мен Еуропа арасындағы баламалы сауда хабы ретінде қарастырылатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) негізгі серіктесі және орталық торабы ретінде Қазақстанмен көліктік-логистикалық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне аударылды.

Конференцияда сөз сөйлеген ҚР Италиядағы Елшісі Е.Сембаев Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақстан үшін халықаралық логистика мен тұрақты көлік дәліздерін дамыту стратегиялық басымдықтардың бірі екендігін атап өтті. Біздің еліміз Италияны сенімді саяси және экономикалық серіктес ретінде ғана емес, Еуразиялық интеграцияны кеңейтудегі маңызды буын ретінде де қарастырады.

«Триест порты өзінің ерекше географиялық орналасуына және заманауи инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне байланысты Еуропалық Одақтың басты қақпасы ретінде қарастырылады. Осы тұрғыда Қазақстан Триест порты мен Каспий теңізіндегі қазақстандық порттар – Ақтау мен Құрық арасындағы тікелей және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі», – деп атап өтті Е.Сембаев.

Сонымен бірге, Елші екі елдің логистикалық орталықтары арасындағы өзара іс-қимыл Еуропа мен Азия арасындағы саудаға, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңыздылығының артуы аясында, сондай-ақ Триест жүк ағындарын қабылдау үшін ең перспективалы порт болып табылатын «Үндістан – Таяу Шығыс – Еуропа» жаңа Жаһандық инфрақұрылымдық бастамасы аясында тың серпін бере алатынын атап өтті.

«Қазақстан қазірдің өзінде Қытай, Орталық Азия елдері мен Еуропа арасындағы сауда үшін транзиттік хаб болып табылады. Қытайдан Еуропаға құрлық транзитінің 80%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Біз итальяндық серіктестерге бірлескен жобаларды іске асыру үшін логистикалық инфрақұрылымды, инвестициялық мүмкіндіктер мен саяси тұрақтылықты ұсынуға дайынбыз», – деді қазақстандық дипломат.

 Өз кезегінде, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Ж.Тайжанов конференцияға қатысушыларды Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту және көлік дәліздерін жаңғырту бойынша қабылдап жатқан шаралармен таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстан өкілі 2027 жылға дейінгі ТХКБ-ны дамытудың жол картасы, сондай-ақ еліміздің теміржол және теңіз инфрақұрылымдық жобалары туралы айтып берді.

Конференция жұмысында сөз сөйлеген Еуропалық Парламент депутаты А.М.Чизинт ТХКБ-ның Қазақстан мен жалпы Азия үшін ғана емес, Еуропа үшін де маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан «Орта дәліздің» негізгі серіктесі және орталық торабы Оның белсенділігі мен осы стратегиялық бағытты дамытуға салған инвестициялары Еуропада өз үндестігін табады. Біз Триест және Монфальконе порттары өздерінің бірегей ерекшеліктерінің арқасында еуропалық нарыққа бағытталған қазақстандық тасымалдар үшін басты қақпа болуға өте қолайлы екендігіне сенімдіміз», – деп атап өтті А. М. Чизинт.

Еуропалық Парламент Көлік комитетінің кеңесшісі К.Доннелли де Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Еуропалық Одақ Қазақстанның «Орта дәліздің» шынайы тірегі ретіндегі аса маңызды рөлін айқын мойындайды. Оның стратегиялық географиялық жағдайы оны Азия мен Еуропа арасындағы тауарлар транзиті үшін таптырмас көпірге айналдырады, ал ЕО осы тұрғыда Астанамен диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылуда», – деді К.Донелли.

Конференция аясында қазақстандық және итальяндық көліктік-логистикалық компаниялар өкілдері де өздерінің презентацияларын өткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-roma/press/news/details/992501?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді