Ұлы жеңіске тағзым

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жеңістің 80 жылдығын ақтөбеліктер кең көлемде атап өтті.
Ресми деректерге сүйенсек, Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің ортақ қасіретіне айналған зұлмат соғысқа облыстан 122 мың жауынгер қатысып, соның 36 мыңнан астамы майдан даласынан оралмаған. Қан майданда ерлік көрсеткен 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, 8-і — «Даңқ» орденімен марапатталды.

Сол шайқаста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тәу ету үшін облыс әкімі Асхат Шахаров бастаған атқарушы билік өкілдері, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары, әскерилер мен ақтөбеліктер Даңқ обелискісіне жиналды. Мемориалдық кешенде соғыстан оралмаған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды.
Солардың бірі – ақтөбелік Дария Құрманова атасы мен нағашы ағасының суретін алып, ескерткішке арнайы келген.
-Атам Майке Төремұратов майдан даласында із-түссіз кетті. Соғысқа 1942 жылы аттанып, бір жылдан соң қаза тапты. Бұның жай-жапсарын біз 2005 жылы Украина мемлекетінің Александрия қаласында жерленгенін анықтап, сүйегі сол жерде қалғанына қанық болғанда ғана білдік. Арнайы барып, Құран оқыттық. Украиндар бізді жақсы қарсы алып, құрмет көрсетті.
Бүгін күйеуімнің анасының інісі Қойшығали Мақұповты да еске алып, портретін ұстап келдім. Ол кісі де хабар-ошарсыз кеткен. Аталарымыздың ерлігін біз ешқашан ұмытпаймыз. Енді соғыс болмасын, – дейді ол.
Биыл туғанына 100 жыл толатын Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың ескерткіші алдында да осындай еске алу шарасы ұйымдастырылды. Ақтөбеден шыққан көрнекті ақын Бәкір Тәжібаевтың өлеңіне жазылған композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні орындалып, гүл шоқтары қойылды.
Ақтөбе қаласының басты көшелерінің бірі — Ә.Молдағұлова даңғылы бойында орналасқан «Батырлар аллеясы» ескерткіш-кешеніне де келушілер көп болды. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді алып жатқан кешенде сұм соғысқа аттанған 46 майдангердің сұлбасы тасқа қашалған. Арасында Кеңес Одағының батыры Қожабай Жазықов та бар.
-Бүгінгі ұлы мереке бәрімізге құтты болсын! Жеңісті жақындатқандардың арасында әкем Қожабай Жазықовтың болғаны – мен үшін үлкен мақтаныш.
Әкем соғыста барлаушы болып, Венгрия елінің астанасы – Будапешт қаласын азат етуге атсалысқандардың бірі. Сол ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағымен марапатталған. Соғыстан кейін де халық ағарту ісі, партия қызметінде еңбек еткен. Әкемізді әрдайым еске алып, 9 мамырда осы аллеяға міндетті түрде келеміз, – дейді Мақпал Қожабайқызы.
Жеңіс күнінде ақтөбеліктер «Зеңбірек» ескерткіш-белгісі, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткіші, «Бауырластар» зираты, т.б. жерлерде гүл шоқтарын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті.
Сағат 19.00-де «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы, қаладағы Мәдениет үйлерінің алдында мерекелік концерт ұсынылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/992900?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді