Ағымдағы жыл Профилактика жылы деп жариялануына байланысты, өңірде қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаев айтты.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге, сондай-ақ бұрын сотталғандар мен қоғамдық тәртіпті бұзушыларды қадағалауға баса назар аудара отырып, профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде, – деді спикер.
Осылайша, облыс жолдарында жүргізілген профилактикалық жұмыстар барысында
8 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 200-ден астам көлік арнайы тұрақтарға қойылып, 400-ден астам автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленді. Анықталған құқықбұзушылықтардың қатарында – қарсы қозғалыс жолағына шығу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, апатты жағдай туғызу, көлікті масан күйде басқару, сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан болған ереже бұзушылықтар бар. Олардың кейбірі дрондар арқылы тіркелген.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шаралар аясында білім беру мекемелерімен және отбасылармен тығыз байланыс орнатуға баса мән берілуде. Оқушылармен, ата-аналармен және мұғалімдермен кездесулер өткізіліп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тексерілуде. Түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандар тиісті мекемелерге жеткізілді.
– Түрлі есептерде тұрған 2 мыңға жуық адам, соның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, пробациялық бақылаудағылар, сондай-ақ қорғау және бақылау шаралары қолданылған азаматтар тексерілді. Тексеру барысында бұрын қойылған шектеулерді бұзудың 20 фактісі анықталды. Жалпы жүргізілген жұмыстар аясында 2,7 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Олардың ішінде – тұрмыстық жанжалдар, алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзу, тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылықтар және түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруі бар, – деп толықтырды А.Тасыбаев.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – тек құқықбұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу. Өңірдегі қауіпсіздік пен тәртіп – барлық құрылымдардың белсенді атсалысуымен және әрбір азаматтың жауапкершілігімен қамтамасыз етіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/993245?lang=kk
Жауап қалдыру