
Жеңіс күні – халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталған, қаһармандық пен отансүйгіштіктің символына айналған қасиетті мереке. Бұл күн – бейбіт өмір үшін күрескен батыр бабаларымыздың ерлігіне тағзым ететін, ұрпаққа ұлағат болатын тарихи оқиға. Осы рухани маңызы зор мерекеге орай 2025 жылдың 10 мамырында Жамбыл ауданы, Ш.Ниязбеков атындағы спорт кешенінде «Жеңіс – жастардың мәңгі жадында» атты кіші футболдан облыстық жарыс өткізілді.
Аталған турнирдің басты мақсаты – соғыс жылдарындағы ерлік пен өрлікті еске түсіре отырып, жастар арасында патриоттық сана мен азаматтық жауапкершілікті арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу. Сонымен қатар, жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып, олардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасау.
Жарысқа аудандардан іріктеліп алынған талантты жас спортшылар қатысты. Олар өзара бақ сынасып, тек күш пен жылдамдықты ғана емес, ұйымшылдықты, тәртіп пен тактикалық шеберлікті де паш етпек. Турнир барысы тартысты өтіп, жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі ойындар сыйлады.
Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен ойыншылар арнайы кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Бұл – олар үшін тек жүлде ғана емес, Отанға деген сүйіспеншіліктің, Жеңіс рухының, әрі жеке жетістікке жету жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай іс-шаралар – жастарды тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Турнир – ел тарихын, ерлік шежіресін жас ұрпақтың жүрегіне сіңірудің және оларды келешекке сеніммен жетелеудің нақты көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/992859?lang=kk
Жауап қалдыру