
Кештің басты кейіпкерлері – ардақты аналарымыз. Олардың бірі 14 құрсақ көтеріп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған батыр ана Сара Нұрабайқызы жуырда ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы медалімен марапатталды. Кездесуде батыр ана соғыс жылдарындағы қиындықтарды еске алып, қазіргі ұрпақ тек бейбіт өмір сүрсе екен деген тілегін жеткізді.
Есімі елге белгілі, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың анасы Жұмагүл Оңғарбаева, ел мерейін асқақтатып жүрген белді балуан, 2022 жылғы «Қазақстан барысы», «Сыр барысы», «Алтын белбеу» иегері Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаева ел мерейі үстем бола берсін деп тілек білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі, ақын, Қазақстанның Құрметті жазушысы атағының иегері Қаршыға Есімсейітова сұрапыл соғыста қаза болған майдангерлердің жесір әйелдер мен аналардың ерліктерін сөз етті. Еңбек ардагері, көпбалалы батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Салима Жұмабекованың келіні Айжан Қалманова Салима анасының 11 баланы өзі өсіріп, тәрбиелегенін, егін егіп, ерен еңбек еткенін сөз етті. Осындай батыр ананың келіні болғанын мақтан етті.
Сыр өңірінің белгілі ақыны, «Жан азабындағы Бақыт» атты жыр жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанған Елубай Әуезовтың жары Гаухар Сүлейменова, күміс алқа иегері Қаншай Әбдіраман барлық аналарға құттықтау лебіздерін білдірді.
Ақ бата, жүрекжарды лебіздер мен ән-шашуға толы күн аналарға деген құрмет пен ризашылықтың жарқын көрінісі болды. Ардақты аналарға алғыс айтылып, қала әкімінің атынан сый-сияпат көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/993690?lang=kk
Жауап қалдыру