«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Алматы облысында полицейлер жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жаңа әдістемені енгізді. Апаттық жағдай жиі тіркелетін екі жол учаскесінде көлік жолының жүру бөлігін қолдан тарылту арқылы көлік жылдамдығын мәжбүрлі түрде төмендету шаралары жүзеге асырылды.
– Жол-көлік оқиғаларын талдау олардың басты себебі – жылдамдықты асыру екенін көрсетті. Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өмірін сақтау мақсатында өз тиімділігін өзге елдерде дәлелдеген әдістерді сынап көру туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.
Жасанды тарылту жүйелері Алматы – Шелек – Қорғас тасжолының Шелек ауылы маңындағы және Алматы – Бішкек тасжолының Беріктас ауылы тұсындағы учаскелерге орнатылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай инженерлік шешімдер жүргізушілердің жылдамдықты көзбен бағалап азайтуына, жол ережелерін сақтап, мұқият болуына ықпал етеді. Бұл – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шығыны аз, бірақ тиімді тәсілдердің бірі.
Алматы облысының полициясы «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша бақылауды күшейту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы кешенді профилактикалық шараларды жалғастырады.
– Басты мақсатымыз – адам өмірін сақтау. Жол қозғалысына қатысушылардың барлығын мұқият болуға, жол ережелерін сақтауға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырамыз, – деді департамент өкілдері.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/993783?lang=kk
Жауап қалдыру