Бүгін Алматы облысының полицейлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік өткізді. Іс-шара барысында Алматы облысы полиция департаментінің және оның қалалық, аудандық бөлімшелерінің іргелес аумақтары тазартылып, абаттандырылды.
Акцияның мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу және қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен көркейтілуіне деген жауапкершілікті арттыру. Полицейлер сенбілікке белсенді қатысып, қоқыс жинап, кепкен жапырақтарды тазалап, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды ретке келтірді.
– Құқық қорғау органдарының мұндай бастамаларға қатысуы – бұл тек экологияны қорғауға қосқан үлес қана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік, патриотизм мен бірліктің көрінісі. Тазалық пен қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әр азамат осы іске өз үлесін қоса алады, – деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.
Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, оған көпшілік қауым, жастар ұйымдары мен еріктілер тартылатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/993282?lang=kk
Жауап қалдыру