
Көкшетау қаласында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасындағы Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Лич ханым арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың келешегін, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы серіктестікті талқылады. Әсіресе, өңірде ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жергіліктендіру мәселесіне баса назар аударылды.
Марат Ахметжанов Ақмола облысының еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі екенін атап өтті. Өңір азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады.
«Ақмола облысы – республиканың агроөнеркәсіптік жүрегі. Мұнда ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары шоғырланған, заманауи агротехнологиялар кеңінен қолданылады. Біз әріптестікке ашықпыз әрі жаңа инвесторларды тартуға мүдделіміз», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, өңір жоғары сапалы бидай өндірумен ерекшеленеді, республикалық астық көлемінің 25 пайызға жуығы осы облыстың үлесіне тиесілі. Бүгінде аграрлық секторды жаңғырту, егіс алқаптарын ұлғайту және өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл өз кезегінде экспорттық әлеуеттің нығаюына ықпал етеді.
Өз кезегінде Кэти Лич ханым да ынтымақтастыққа ниетті екенін білдірді.
«Бүгін қозғалған барлық бағыттар бойынша бірлескен мүмкіндіктерді қарастырып, нақты жобалармен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Елші.
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселесі де сөз болды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы мен Біріккен Корольдік арасындағы өзара сауда айналымы 4 млн АҚШ долларын құрады. Импорттың негізгі бөлігін тракторлар, ауыл шаруашылығы техникасы, медициналық құралдар, диагностикалық реагенттер және өзге де өндірістік тауарлар құрайды. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында өзара сауда көлемі 940,3 мың АҚШ долларына жетті.
Кездесу соңында тараптар аграрлық және өнеркәсіптік салалардағы әріптестікті одан әрі нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/993584?lang=kk
Жауап қалдыру