
10 мамыр күні Ақтау жылы жағажайында жаңа туристік нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев қатысты. Облыс әкімінің орынбасары аймақ басшысының атынан құттықтап, демалыс орнының алдағы жұмысына табыс тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңірінің туризм саласын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінде сол міндеттер аясында өңірімізде жаңа туристік нысандар бой көтеріп жатыр. Теңіз жағалауындағы «Шахристан»қонақ үйі шетелдік курорттардан кем түспейді. Бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, келушілер легінің артуына септігін тигізеді деп сенеміз. Облыс әкімдігі мұндай бастамаларды әрдайым қолдайды, – деді Аббат Өрісбаев.
Шығыс стиліндегі сәулеттік нақыштармен әрленген үш қабатты кешен жеке кәсіпкердің қаржысына салынған. Қонақ үйде аумағы 25-тен 60 шаршы метрге дейінгі 20 бөлме бар. Барлық бөлме заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда демалушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Кешен инфрақұрылымында 25 орындық мейрамхана, 30 адамға арналған VIP-зал, түрік хамамы, жазғы күркелер, тегін автотұрақ бар. Мұнда тәулік бойы тіркеу қызметі жұмыс істейді.
Сонымен қатар, қонақ үй әкімшілігі туристерге Маңғыстау облысының киелі және тарихи орындарына арнайы турлар ұйымдастыруды ұсынады.
Айта кетейік, туристік нысан Ақтау қаласынан 36 шақырым жерде, Жылы жағажай аумағында, танымал «Золотое Солнышко» демалыс базасына жақын 83/33 мекенжайында орналасқан.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/993435?lang=kk
Жауап қалдыру