
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қаржы саласындағы бірқатар квазимемлекеттік ұйымды қаржыландыру механизмі күшейтіледі. Аталған шаралар Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша қабылданды.
Бюджет кодексіне қажетті өзгерістер енгізу процесі республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне (ШҚЕ) жүргізілген мемлекеттік аудиттен кейін басталды. Аудиторлар мемлекеттік мекемелер болып табылмайтын ұйымдарды нысаналы салымдар мен нысаналы аударымдардың көмегімен қаржыландыру мүмкіндігі мемлекет активтерінің ШҚЕ-де көрсетілу сапасы мен дұрыстығына теріс әсер ететінін анықтады.
Осындай механизмдер арқылы жыл сайын «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және басқа да бірқатар ұйым қаржыландырылады.
Жоғары аудиторлық палата ҚР Үкіметіне қаржыландыру тәсілін өзгерту мүмкіндігін қарауды ұсынды, өйткені қолданыстағы механизм мемлекет активтерінің өсуіне ықпал етпейді (заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарының ұлғаюы жоқ) және қаражатты жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етпейді.
Нәтижесінде жаңа Бюджет кодексінде нысаналы салымдар мен аударымдар көмегімен қаржыландыруды көздейтін нормалар алып тасталды. Оның орнына заңды тұлғаларға берілетін трансферттер енгізіледі.
Трансферттер оларды алуға үміткер ұйымдар өздерінің стратегиялық құжаттарында нақты нәтижелерді жоспарлаған жағдайда бөлінетін болады.
Қаржы жылы ішінде бөлінген және пайдаланылмаған қаражат бюджетке қайтарылады, заңда көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда.
Трансферттер алатын заңды тұлғалардың бірінші басшылары мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, өздерінің ұзақ мерзімді стратегияларында және тиісті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында айқындалған нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады. Сонымен қатар олар қаражатты пайдалану туралы есептердің негізділігі мен дұрыстығына жауап береді.
Бұл өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/993546?lang=kk
Жауап қалдыру