
Елордада 12-18 мамыр аралығында Репродуктивті денсаулық апталығы басталды. Бұл апта Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Осы апталық аясында медициналық мекемелерде, мектептерде, колледждер мен жастар орталықтарында алдын алу шаралары өтіп жатыр. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Апталықтың басты мақсаты – халықтың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулық, аурулардың алдын алу және вакцинация мәселелері жөніндегі білім деңгейін арттыру.
«Адамның репродуктивті денсаулығы – жай ғана басымдық емес, қоғамның әл-ауқатының негізі, келешек ұрпақтың денсаулығы және ұлттың тұрақты дамуының кепілі», – деді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Бүгінде Астанада 10-29 жас аралығындағы жастарға қызмет көрсететін 12 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. 2024 жылы бұл орталықтарға 110 мыңға жуық жас жүгінген. Олардың 59%-ы – қыздар, 41%-ы – ұлдар. Бұл жастар арасында мұндай бастамаларға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Апталық барысында адамның папиллома вирусының (АПВ) алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. Бұл вирус жатыр мойны обырының дамуымен тікелей байланысты. Қазақстанда 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыз балаларға АПВ-ға қарсы екпе салу басталды.
Астананың бас штаттан тыс гинекологы, медицина ғылымдарының кандидаты Зайтуна Хамидуллина жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцинация – обырмен күрестегі тиімді әрі ғылыми негізделген әдіс. Екпе неғұрлым ерте жасалса, болашақ қазақстандық әйелдердің қорғаныс деңгейі соғұрлым жоғары болады», – дейді ол.
Жалпы жұмыс аясында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, сондай-ақ оның қазіргі заманғы алдын алу әдістері кеңінен талқылануда. Дәрігерлер қауіпсіз, тиімді әрі қолжетімді контрацепция тәсілдері туралы ақпарат беруде.
Апталық аясындағы басты бағыттардың бірі – болашақ ата-аналардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бала көтеруге дейінгі дайындық. Бұл – дәрігермен кеңесуді, қажетті тексерулерден өтуді, вакцина алуды және дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік пен зиянды әдеттерден бас тарту секілді салауатты өмір салтын қалыптастыруды қамтиды. Мамандардың айтуынша, ата-ананың денсаулығы болашақ баланың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан отбасын жоспарлау бөлімдері алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында өз жұмыстарын жалғастырып, қала тұрғындарын қауіпсіз әке-ана болу мен контрацепция мәселелері бойынша кеңес беруде.
«Әрбір азамат өз репродуктивті денсаулығы туралы ақпарат алуға және сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуге құқылы. Біздің мақсатымыз – жауапты, саналы әрі дені сау қоғам қалыптастыру. Өйткені әр адамның денсаулығы – бүкіл ұлттың денсаулығы», – деді Әлия Рүстемова.
Репродуктивті денсаулық апталығы – бір реттік шара емес, бұл қоғамдық денсаулықты нығайтуға, жастарды қолдауға және дені сау отбасы құруға жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/993775?lang=kk
Жауап қалдыру