
2025 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасының Ватикандағы Елшісі Тимур Пірімбетов Ватиканның бас архивариусы және кітапханашысы, монсеньор Дж.Чезаре Пагацци, Апостолдық архив префектісі монсеньор Риккардо Ронцани және Апостолдық кітапхана префектісі монсеньор Мауро Мантованимен кездесті. Кездесу Елшіліктің бастамасымен өтті.
Әңгіме басында қазақстандық дипломат қасиетті Рим шіркеуінің жаңа Понтификінің сайлануымен құттықтап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рим Папасы Лев XIV-ке алғашқылардың бірі болып құттықтау жолдағанын атап өтті.
Кездесу барысында тарихи ғылым мен жоғары білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Апостолдық архив және кітапхана арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға ерекше көңіл бөлінді. Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Осыған байланысты аталған мекемелер арасындағы Ынтымақтастық туралы Меморандумды ұзарту жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, Қазақстан Елшісі 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі туралы қысқаша ақпарат берді. Т. Примбетов сұхбаттастарын алдағы Съезд аясында өтетін діни жәдігерлер көрмесіне қатысуға шақырды.
Кездесу соңында тараптар тұрақты байланыста болуға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/993979?lang=kk
Жауап қалдыру