Жастардың үніне айналған басылымға – 20 жыл

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Уақыт деген – ұлы таразы. Осыдан тура жиырма жыл бұрын, 2005 жылдың күзімен бірге «Арай» атты жастар газеті жарыққа шықты. Содан бері бұл басылым қаншама жас қаламгердің шығармашылық бастауына айналды, өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын алаң болды. Әдебиет пен публицистикада жолын тапқан талай талант осы газет арқылы елге танылды.
Ал биыл «Арай» өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осыған орай біз «AR-AI» газетінің қазіргі бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбекпен сұхбаттасып, басылымның өткені мен бүгіні туралы әңгімелестік.

– Тұрсынбек мырза, биыл жастардың сүйікті басылымы – «Арай» газетіне 20 жыл толып отыр. Бұл бір ғана басылымның емес, бүтін бір буынның тарихы десек артық емес. Алғашқы сұрақ: сіз үшін «Арай» қандай ұғым?

– «Арай» – бұл тек газет емес, бұл – уақыттың үнін естірткен, жастардың сөзін сөйлеткен, талай талантқа жол ашқан мектеп. Осы басылым арқылы талай жас өз үні мен ойын еркін жеткізіп, үлкен өмірге қадам басты. Мен үшін «Арай» – жалын мен жауапкершіліктің, ізденіс пен ілгерілеудің символы.

– «Арай» газеті не себепті жастар арасында танымал болды деп ойлайсыз?

– Себебі бұл газет ресми тілмен емес, жастардың тілімен сөйледі. Проблемаларын көтерді, жетістіктерін көрсетті. Әр жас өзін осы беттерден таба алды. Сонымен қатар, еркін ой, батыл пікірлерге орын берілді. Бұл – басты ерекшелігі.

– «AR-AI» газеті жаңадан құрылып, жарық көре бастаған уақытта оның алғашқы бас редакторы болған Болат Үмбетәліұлының бұл басылым үшін сіңірген еңбегі қандай болды?

– Болат Үмбетәліұлы «AR-AI» газетінің іргесін қалаушы, негізін қалаған тұлға. Ол кісі нөлден бастап ұжымды жасақтады, шығармашылық құрамды жинақтап, жастардың үніне айналар басылым ретінде газеттің бағытын айқындады. Жас қаламгерлерге мүмкіндік беріп, ақын-жазушылардың тұсауын кесті. Әр мақаланың идеялық мазмұнына, тілі мен стиліне ерекше мән беріп, жоғары талап қойды. Жаңадан құрылған газетке жан бітіріп, оны жастардың шынайы мінберіне айналдыруда Болат ағамыздың еңбегі орасан зор.

– Бас редакторлардың қатарында кімдер болған?

– Алғашқы бас редактор – Болат Бекжанов. Одан кейін бұл қызметті Оралхан Дәуіт (2011–2012), Гүлнұр Ембердиева (2012–2017), Масат Берік (2017–2018), Дәулет Төленді (2018–2021), Біржан Сөктай (2021–2022) атқарды. 2022 жылдың 11 тамызынан бастап мен осы қызметті атқарып келемін.

– Газет осы жылдар ішінде қандай жетістіктерге жетті?

– «AR-AI» газеті көптеген талантты жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік берді. Бүгінде елге белгілі ақын-жазушылар мен журналистердің көпшілігі осы редакциядан түлеп ұшты. Олардың қатарында Азамат Есалы, Ерлан Жүніс, Өркен Кенжебек, Хамит Есаман, Нұржан Қадірәлі, Марат Құлибаев, Есет Досалы сынды азаматтар бар.

– Редакцияның басқа да түлектері кімдер?

– Бүгінде еліміздегі беделді орындарда қызмет етіп жүрген көптеген түлектеріміз бар. Мәселен, ҚР Президенті аппаратының сарапшысы Шынболат Күзекбаев, ел газеті-«Егеменде» еңбек етіп жүрген Жасұлан Сейілханов, Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибеков, «Orda Life» Youtube-арнасының жетекшісі Серік Жолдасбай, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, осы басылым бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, республикалық «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Шапағат Әбдір, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз хатшысы Шынболат Сейдуалиев, мемлекеттік қызметшілер Ерболат Пәрмеш, Болатхан Атыхан, Қордай аудандық мәдениет үйінің директоры Елдар Боранбек және тағы басқа әріптестеріміз бар.

– Газет оқырмандары үшін қандай маңызы бар?

– «AR-AI» газеті жастардың шығармашылығын насихаттап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жастарға ой салып, олардың үнін жеткізіп келеді.

– «AR-AI» газеті ақпарат аламанына қосылғалы бері өз бағытынан ауытқыды ма?

– Жоқ, алғашқы бағытына адал болып қала отырып, уақыт талабына сай жаңарып, тың тақырыптарды қамту арқылы дамып келеді.

– Газетте қандай тұрақты айдарлар мен арнаулы беттер бар?

– «Біз де студент болғанбыз», «Мамандығымызды өзгертеміз», «Білгім келген бір сұрақ», «Менің анам», «Ойтамызық» секілді айдарлар, сондай-ақ «Шамшырақ», «Диагноз», «Айна», «Жалын», «Парасат-пайым», «Зерде» сынды арнаулы беттер тұрақты жарияланады.

– Газеттің сапалы шығуына үлес қосып жүрген негізгі ұжым мүшелері кімдер?

– Бас редактордың орынбасары – Талғат Нұрханов, жауапты хатшы – Шолпан Бөгенбаева, аға тілшілер – Нұрым Сырғабаев пен Айжан Өзбекова, тілшілер – Құралай Сейсенбекқызы, Ақтоты Жаңабай, Мұқағали Балтабай, Сымбат Қуаныш. Дизайнерлер – Ғани Сүгірәлиев пен Гүлназира Бектұрсынова, фототілші – Алтынбек Қартабай, корректор – Ғалия Садықова, Arainfo.kz сайтының контент-редакторы – Еңлік Әбдіразақ.

– Басылым аптасына қанша рет жарық көреді және таралымы қандай?

– Газет аптасына екі рет жарық көреді. Таралымы – 5000-нан астам дана.

– Биыл басылым үшін қандай айтулы оқиға күтілуде?

– Биыл күзде «AR-AI» газетінің жарық көре бастағанына 20 жыл толады. Осы мерейтойды атап өту мақсатында меншік иесі – «AULIEATA-MEDIA» тарапынан дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

– 20 жылда «Арай» қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз?

– Формасы өзгергенімен, жаны сол күйі қалды. Уақыт талабына сай цифрлық нұсқасы шықты, әлеуметтік желіде белсенді. Бірақ идея – жастардың сөзін жеткізу – сол қалпы.

– Бүгінгі жас тілшілерге, шығармашылықпен айналысып жүрген жастарға қандай тілегіңіз бар?

– Ең бастысы – шынайылық пен адалдық. Өз сөздеріңізге сеніңіздер. Өзіндік ой, анық ұстаным – жас журналистің басты қаруы. «Арай» сияқты мінберлерді тиімді пайдаланып, қоғамға ой сала алатын азамат болып өсіңіздер!

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/993340?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді