ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін аудандық орталық саябақта 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік салтанатты шара өтті.
Мерекелік мәні зор бұл жиынның шымылдығы соғыс жылдарындағы оқиғаларды бейнелейтін әсерлі театрландырылған көрініспен ашылды. Қойылым көрермендердің жүрегін тебірентіп, сұрапыл соғыстың ауыр сәттерін көз алдыға әкелді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде соғыс жылдарының ауыртпашылығы мен Шыңғырлау ауданынан майданға аттанған жерлестеріміздің ерлігіне ерекше тоқталды.
– Қадірлі жерлестер! 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Бұл – ел тарихындағы ерекше маңызы бар мереке. Тарих төрінен ойып орын алған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуы – ұрпақ жадында жатталып, жүрек түкпірінде сақталатын қасиетті белес. Еңкейген қариядан бастап, еңселі азаматтар мен бұғанасы қатпаған жасөспірімдер туған жердің тыныштығы үшін жан аямай күресті. Халқымыздың құрметке лайық қаһармандығы мен қайтпас қажыр-қайратының айнымас үлгісіне айналған Жеңіс күні баршаңызға құтты болсын, – деді аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев.
Салтанатты жиын барысында Жеңістің 80 жылдығына орай аудан көлемінде өткізілген түрлі іс-шараларда белсенділік танытқан еңбек ұжымдары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ұлы Жеңістің мерейтойына арналған бұл мерекелік шара өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, бейбіт өмірдің, ел бірлігінің бағасын ұғындыруда маңызы зор оқиға болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-shyngyrlau/press/news/details/993370?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді