АЛДЫН АЛУ – БАСТЫ ҚҰРАЛЫМЫЗ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ЖАСӨСПІРІМ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында ағымдағы жылдың 10 сәуірі мен 6 мамыры аралығында Алматы облысының аумағында «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу шарасы кең ауқымда өткізілді. Өңірдегі профилактикалық жұмыстың нәтижелері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаев айтып берді.

– Шараның мақсаты – құқықбұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, олардың құқықтық санасын арттыру, құқықтары мен мүдделерін қорғау. Біз әрбір баланың үйде де, мектепте де өзін қауіпсіз сезінуіне ұмтыламыз, – деді А.Тасыбаев.

Шара барысында облыс полицейлері 2800-ден астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. 655 ата-ана балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың үлкендердің қарауынсыз түнде жүруінің 1680 фактісі, буллингтің 16 жағдайы, ұсақ бұзақылықтың 107 дерегі және қоғамдық орындарда ішімдік ішу бойынша 40 оқиға тіркелді.

49 жасөспірім және тәрбиелеу мен қарау бойынша міндеттерін дұрыс атқармаған 46 ата-ана профилактикалық есепке қойылды. Сонымен қатар, рейдтер мен тексерулер нәтижесінде 4 жасөспірімді арнайы оқу орындарына жіберу үшін материалдар сотқа жолданып, екі жағдайда қылмыстық іс қозғалды.

Білім беру ортасының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Бірқатар мектептерде психологтардың қатысуымен анонимді сауалнамалар жүргізіліп, зорлық-зомбылық пен мәселелі жағдайларды анықтау мақсат етілді. Оқу орындарының маңындағы аумақтарды тексеру нәтижесінде жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша 6 нұсқама берілді.

– Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу. Балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру тек ата-аналармен, ұстаздармен, білім беру органдарымен және бүкіл қоғаммен тығыз ынтымақтастықта ғана мүмкін болады, – деп түйіндеді А.Тасыбаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/994136?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді