Өңір басшысы Асайын Байханов Павлодар қаласын аралап, қаланы абаттандыру бойынша жобалардың іске асырылуын тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алдымен кешенді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан Лермонтов көшесіне барды. Жағалаудан Назарбаев даңғылына дейінгі көшенің ұзындығы 2,2 км құрайды, қайта жаңартылып жатқан аумақтың көлемі – 13,3 га. Урбанистердің қатысуымен әзірленген жоба аясында Лермонтов көшесі Мәскеудегі Арбаттың үлгісі бойынша жаяу жүргіншілер аймағына айналады.

Облыс орталығында алғаш рет көшені қайта жаңарту тек жол жабынын ауыстырумен ғана шектелмейді, сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыруды, заманауи жарықтандыруды орнатуды, автоматты суару жүйесімен көгалдандыруды, тыныш демалу аймақтарын құруды, құрғақ субұрқақтарды, арт-нысандарды, веложолдарды салуды, сондай-ақ, жеті спорт және алты балалар алаңын салуды қамтиды. Сондай-ақ, тұрғын үйлер мен бағдаршам нысандарының қасбеттерін жаңарту қарастырылған.

Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, қалалық кеңістікті пайдалануды қайта қарастыру, яғни, жаяу жүргіншілер, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтар үшін, автокөлік жүргізушілері үшін де ыңғайлы әрі қауіпсіз ету.

Алайда, үйреншікті нәрсені өзгерту дау туғызатыны белгілі. Лермонтов көшесінің бойындағы кейбір бизнес өкілдері наразылықтарын білдірді: олардың айтуынша, жаяу жүргіншілер аймағының ұлғаюына байланысты көшеде автотұрақтар болмайды. Жобаны әзірлеушілер мұны жоққа шығарды: жолдың ені өзгеріссіз қалады – 7 метр, ал тұрақ орындары сақталады, бірақ та стандарттарға сәйкестендіріліп, перпендикуляр бағыттан параллель бағытқа ауыстырылады.

– Шешілмейтін сұрақтар болмайды. Көшеде барлығы 345 көлікке арналған 27 тұрақ болады. Әрине, әрбір бизнес нысаны үшін бөлек тұрақ жасау мүмкін емес, бірақ біз кәсіпкерлердің мүдделерін ескеруге тырысамыз. Ең бастысы – жайлы, қауіпсіз және заманауи қалалық ортаны құру, – деп атап өтті Асайын Байханов жұмысты сапалы және мерзімінде аяқтауды тапсырып.

Одан кейін өңір басшысы Назарбаев даңғылы мен Сұрағанов көшесіндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Осы маусымда мұндай жұмыстар жалпы ұзындығы 37,3 км болатын 15 магистральдық көшеде жүргізілуде. Алғаш рет қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон қолданылуда. Ол температураның өзгеруіне төзімді және аймақтың ауа-райына сәйкес келетін берік материал.

Сонымен қатар, қалада жалпы ұзындығы 15,2 км болатын 14 учаскеде жаңа жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Ворушин, Щедрин, Толстой, Роза Люксембург, Жібек жолы көшелері, Суворов зираты ауданы, Теміржолшылар мен Элеватор шағын аудандары қамтылды. Бүгінгі таңда 5,2 км жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Жұмыстарды толығымен шілде айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жеке сектор көшелерін де асфальттау жалғасуда. Барлығы 17,2 км қара жолға асфальт төселеді. Элеватор шағын ауданында 7 көше және МДС шағын ауданында 15 көше қамтылады.

Жұмыс сапарының соңында Асайын Байханов қаладағы жалғыз автодромды күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Ұзақ уақыт бойы бұл нысан автомектептер мен қала тұрғындарының шағымдарына қарамастан назардан тыс қалған болатын. Биыл облыстық бюджеттен реконструкциялауға 682 млн теңге бөлінді.

Мұнда арнайы ХҚКО-ның жағдайларына барынша ұқсас оқу алаңын құру көзделген және жұмыстар аяқталғаннан кейін болашақ жүргізушілер өздерінің тәжірибелерін шыңдай алатын болады. Жалпы ауданы 9,3 га құрайтын автодром аумағында 23 мың шаршы метрден астам асфальт төселеді, 3,8 км таңбалар салынады, 132 жол белгілері, 4 бағдаршам, 160 жарық шамы бар 106 жарықтандыру тіректері, сондай-ақ, бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Асайын Байханов жобаны іске асыру жас жүргізушілерге қала көшелеріне шықпас бұрын қауіпсіз жағдайда тәжірибе жинауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/994541?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді