Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктері тұрақты негізде өткізетін шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстарда беріледі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес алдағы конкурстар туралы хабарландырулар жергілікті атқарушы органдардың сайттарында, жергілікті баспа басылымдарында, ақпараттық стендтерде және жер қатынастары бөлімдері мен басқарманың Facebook және Instagram әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.

Конкурсқа қатысуға өтінімде:

1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғалары үшін – заңды тұлғаның атауы, оның тұрған жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы мәліметтер, жарғылық капиталдағы (жарғылық капиталдың жалпы мөлшерінен) үлестерінің мөлшері көрсетіле отырып, өтінім берушінің – заңды тұлғаның басшылары мен қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтер, өтінім берушінің үлестес тұлғалары туралы мәліметтер;

2) жеке тұлғалар үшін – өтінім берушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тұрғылықты жері, азаматтығы, жеке сәйкестендіру нөмірі, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтер;

3) өтінім беруші үміттеніп отырған жер учаскесінің орналасқан жері;

4) конкурстық ұсыныс;

5) өтінім беруші шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған жағдайда, шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартына қол қою қажеттігі туралы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде көрсетілген шартты жасасу жөніндегі міндеттеме қамтылуға тиіс.

Конкурсқа 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге жер учаскесін жалға алу құқығы қойылады.

Конкурс жеңімпазын айқындаудың негізгі критерийлері бизнес-жоспар (инвестициялардың болжамды көлемі, ауыл шаруашылығы жануарларының саны, қолданылатын агротехнологиялар, техника мен жабдықтардың, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуы, құрылатын жұмыс орындарының саны) болып табылады.

Шешімді жер комиссиясы қабылдайды, ол конкурс бойынша қарайды және қорытындылайды.