
Соңғы жылдары Сыр өңірінде бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына ерекше мән беріліп, аумақта ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей қолдауы мен облыс басшысының жүйелі жұмысының нәтижесі.
Жыл басынан бері облыс орталығы мен аудандарда заманауи үлгідегі 10-ға жуық жаңа спорт кешені ел игілігіне табысталды. Сәйкесінше бұл спортпен айналысамын деген әр тұрғын үшін қолайлы бастама болып тұр. Әсіресе, Қызылорданың сол жағалауынан бой көтерген жаңа спорт нысандары ерекше назар аудартады.
Соның бір дәлелі – өткен жылы іске қосылған заманауи Үстел теннисі орталығы. Қазірдің өзінде облыста спорттың дәл осы түрімен 17 мыңға жуық адам айналысады. Қызығушылықтың артуына байланысты «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен салынған жаңа орталықта 16 үстел теннисі орналасса, одан бөлек 350 адамға арналған көрермен орны, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелері бар. Мұнда 5 білікті жаттықтырушы 250-ге жуық спортшыны кәсіби бағытта дайындайды.
Сол жағалауда салынып жатқан 11 мың орындық стадионның да құрылысы аяқталуға жақын. Құны 20,9 млрд теңгені құрайтын бұл жоба – аймақ спортын жаңа деңгейге шығаратын маңызды нысан болып есептеледі. УЕФА-ның ІІІ санатты классификациясына сәйкес келетін стадионда футболмен қатар, күрес, бокс, ауыр атлетика, таеквондо, гимнастика және фитнес залдары қарастырылған.
Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің де құрылысы басталды. Жоба «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры мен облыс әкімдігінің өзара келісі негізінде қолға алынған. Мұнда ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін бейімделген жаттығу орындары орналасатын болады. Сонымен қатар, құны 21 млрд теңгені құрайтын «Kyzylorda Arena» көпбейінді спорт кешені де жақын арада бой көтермек.
Бүгінде өңірде 1 490 спорт нысаны бар. 1 000 адамға шаққанда спорт инфрақұрылымымен қамтылу көрсеткіші 46,2 пайызды құрап отыр. Облыста бұқаралық спортпен айналысатындардың саны да жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда 342 223 адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл облыс халқының 40,4 пайызы. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. Облыстағы 22 спорт мектебінде спорттың 46 түрі бойынша 670 жаттықтырушы 22 655 жас спортшыны тұрақты түрде оқу-жаттығу процесімен қамтамасыз етіп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/994679?lang=kk
Жауап қалдыру