200-ге жуық мұғалім бас қосқан форумда ұстаздың заманауи рөлі талданды.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абайдың «Толық адам» ілімі негізіндегі «Мерейлі ұстаз» бейнесін қалыптастыруға бағытталған облыстық форум өтті. Іс-шара мақсаты-педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, функционалдық сауаттылықты дамыту және тиімді оқыту әдістерін меңгерту. Форумға 200-ге жуық педагог, әдіскерлер жиналды.

Форум барысында пленарлық баяндамалар мен тәжірибелік алаңдар жұмыс істеді. Пленарлық бөлімде «ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY» тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов «Сәтбаев жазған Алгебра» тақырыбында баяндама ұсынып, Қаныш Сәтбаевтың оқулығы қазақы болмысқа жақын жазылғанын, онда тұрмыстық мазмұндағы есептер мен ана тілімізге бейімделген терминдердің мол екенін атап өтті. Ұлттық таным мен математика сабақтарының өзара байланысы ерекше мысалдар арқылы көрсетілді. Ардагер ұстаз, Мәдениет Ахметова «Тәлімнің тұғыры – ардагер ұстаз» тақырыбында сөз сөйлеп, мұғалім бейнесіндегі заманауи талаптар мен тәрбиелік құндылықтарды саралады. Қазіргі педагогтің тек білім беруші емес, көшбасшы, шабыттандырушы және оқушы әлеуетін ашатын тұлға болуы қажеттігін айтты. Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі жетекшісі Салтанат Заманбекова педагогтің ақпараттық кеңістіктегі рөлі мен фейк ақпаратты ажырату, балаларды ақпараттық манипуляциядан қорғау жолдарына тоқталды.

Форумның тәжірибелік бөлігінде «Функционалдық IQ: ойлау, талдау, қолдану» бағыты аясында «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» республикалық байқауының жеңімпаздары мен халықаралық конференция қатысушылары өз тәжірибелерін бөлісті.

Сондай-ақ Lesson Study бағытындағы шеберлік сабақтар арқылы педагогтер әдістемелік тәжірибе алмасып, пәнаралық байланысты дамыту және академиялық тілмен жұмыс істеу тәсілдерін ортаға салды.

Абай облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-bilim/press/news/details/995825?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді