
Бұл туралы бүгін Түркістанда өткен баспасөз жиынында кеңінен баяндалды. Қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ең таңдаулы қойылымдарын киелі шаһардағы көрерменнің назарына ұсынбақ.
Баспасөз мәжілісіне Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, театр артисі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тұтова,
театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат Сейтметов қатысты.
Театр басшысының айтуынша ғимарат күрделі жөндеуге тапсырылғаннан кейін шығармашылық ұжым республика көлемінде және алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарлармен барып, өзінің бірегей жұмыстары – спектакльдерімен қалың жұртшылықты қуантуды жоспарлаған. Өнер иелерінің ендігі аялдамасы ретінде Түркістан қаласы таңдалған. Абыз Асанәлі ақсақал өмірін арнаған өнер жолынан сыр шертіп, елге келіп қуанғанын тілге тиек етті. Тарихи шаһарға байланысты естеліктерін айтып, жерлестеріне Алатаудың сәлемін жеткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше сапар туралы мағлұматтар айтылды. Содан соң «Ғасыр жасаған Ұлт театры»тақырыбында арнайы жасақталған жылжымалы, кешенді көрме таныстырылды. Көрмеде Ұлт театрының 100 жылдығына орай 100 жәдігер қойылған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимаратының толығымен қайта жөндеуден өтетіні туралы мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс аталған өнер ордасының 100 жылдық мерейтой салтанатына орай келесі жылы аяқталады.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/995704?lang=kk
Жауап қалдыру