
2025 жылғы 14 мамырда ҚР Энергетика министрлігі ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті қамтуды дамыту және қазақстандық компанияларды қолдау жүйесін жетілдіру мақсатында, отандық тауар өндірушілердің өндірістік әлеуетімен танысу үшін бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға жұмыс сапарын ұйымдастырды.
Іс-шараға ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері, Өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша Уәкілетті орган, Мұнай-газ машина жасауды дамыту жөніндегі халықаралық орталық, сондай-ақ «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының өкілдері қатысты.
Делегация жұмысы алдымен «LED Solutions» ЖШС-аралаудан басталды. Компания жарықдиодты шамдар шығарады және жарықтандыру жүйелерін жобалау мен инжиниринг бойынша техникалық мүмкіндіктерге ие.
Содан кейін делегация мына зауыттарға барды:
«Akbarys Protection» ЖШС – мұнай-газ саласына қажетті эвакуациялық құтқару қалпақтары мен тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдарын шығарады. Компания отандық өндірушілерді қолдау стратегиясы аясында құрылған.
«Спецэлектра» ЖШС – бетон корпусында трансформаторлық қосалқы станциялар шығаратын, қалалық өнеркәсіптік нысандардың электрмен жабдықтау жүйесін жаңғыртумен айналысатын зауыт.
«ВМП Астана зауыты» ЖШС – өнеркәсіптік және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін арттыруға арналған заманауи лак-бояу материалдарын шығаратын кәсіпорын.
Сапар соңында делегация арнайы киімдер өндіретін жергілікті кәсіпорындардың көрмесіне барды. Көрме химия, мұнай-газ, металлургия және басқа да салалар үшін арнайы киімдер шығаратын «ASTANA Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясының алаңында өтті.
Кәсіпорын басшыларымен кездесулер барысында зауыттардың ағымдағы жұмысы, өндірістік әлеуеті, индустриялық даму перспективалары және ұзақ мерзімді жобалар аясындағы ықтимал ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Өндірістік нысандармен танысу – еліміздің мұнай-газ саласы мен өнеркәсіптік кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды кезеңі саналады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/995715?lang=kk
Жауап қалдыру