
Астанадағы Қалназаровтар отбасы ондаған жыл бойы елорданың жылу энергетикасы саласында еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде олар қаланың тұрақты жылумен қамтылуына елеулі үлес қосып жүр. Халықаралық отбасы күніне орай олар өз еңбек жолы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Отағасы Ерғаш Қалназаров «Астана-Теплотранзит» АҚ-да сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істейді. Ол бұл салада 40 жылдан астам еңбек етіп келеді. Еңбек жолын жөндеу-механикалық цехының слесарі ретінде бастап, тәжірибелі машиниске дейінгі жолдан өткен. Оның еңбегі бірнеше марапатқа ие болған, оның ішінде «Энергетика ардагері» атағы мен Астананың 20 жылдығына арналған мерейтойлық медаль бар.
«Мен үшін жылумен қамту саласындағы жұмыс жай ғана мамандық емес – бұл халыққа қызмет ету. Біз мыңдаған тұрғындардың үйінде жайлылық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеміз. Бұл – үлкен жауапкершілік. Қалаға, елге, халыққа нақты пайда әкеліп жүргеніме мақтанамын», — дейді Ерғаш Қалназаров.
Оның айтуынша, алғашқы жылдары оңай болмаған, көп нәрсені үйреніп, жұмыс ерекшелігін тереңінен түсіну қажет болды. Бүгінде ол өз таңдауына сенімді және бұл істің қоғам үшін маңыздылығын жақсы түсінеді.
«Жастардың көбірек осы салаға келгенін қалаймын. Себебі осындай мамандықтар арқылы қоғамға шынайы пайда әкелуге болады», — дейді ол.
Отбасылық дәстүрді оның қызы — Алина Қалназарова жалғастырып келеді. Ол «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның жедел-диспетчерлік қызметінің химиялық зертханасында лаборант болып жұмыс істейді.
«Бала кезімде әкем мені әрқашан «Теплотранзиттің» Наурыз, Жаңа жыл сынды корпоративтік мерекелеріне апаратын. Сол кезде ұжымдағы бірлік пен кәсібилік атмосферасы мені таңғалдырды. Сол сәтте-ақ мен осы команданың бір бөлігі болғым келетінін түсіндім», — дейді Алина.
Лаборант ретінде ол желілік судың сапасын зерттейді, коррозияның жай-күйін анықтайды және жылу желілеріне жүргізілетін гидравликалық сынақтарды тексереді.
«Маған «Теплотранзиттегі» ұжымның ұйымшылдығы мен кәсіби өсу мүмкіндігі қатты ұнайды. Бірақ ең маңыздысы – қала тұрғындарына жылу мен жайлылық жасауда өз үлесімді қосып жатқанымды сезіну», – деп қосты Алина.
Ол сондай-ақ компанияда кәсіби және жеке дағдыларды дамытуға жақсы жағдай жасалғанын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/996225?lang=kk
Жауап қалдыру