Целиноград ауданында жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін арттыру жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлының төрағалығымен жергілікті бюджеттің салық базасын кеңейту және кіріс түсімдерін ұлғайту мәселелері бойынша жиналыс өтті. Талқылауға мемлекеттік кірістер басқармасының, полиция бөлімінің, ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері, ауыл және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Жиналыс 2025 жылғы 23 сәуірде облыс әкімі мен аудан әкімдерінің қатысуымен өткен жиында берілген хаттамалық тапсырманы орындау аясында ұйымдастырылды. Мақсаты — 2025 жылға арналған жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін жүйелі түрде ұлғайту.

Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы аудан бойынша жергілікті бюджетке қосымша кіріс резерві 5,3 млрд теңгені құрайды. 2025 жылдың мамыр айына дейін оның 959 млн теңгесі немесе 18%-ы өндірілді. Оның ішінде 60%-ы мемлекеттік кірістер басқармасының, 40%-ы аудан әкімдігінің үлесіне тиесілі.

Ауылдық деңгейде төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен кейін, кірістер сегіз бағыт бойынша қалыптасады. Олардың қатарында жеке табыс салығы, жер және мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, сыртқы (визуалды) жарнама орналастыруға төлемі, бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемдерді құрайды. 2025 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша ауылдық округтер бойынша салық түсімдері 537,9 млн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың қаңтар–сәуірімен салыстырғанда 157%-ға артық.

Салық түсімдері жоспарын асыра орындаған округтер қатарында Талапкер (119%), Жарлыкөл (116%), Тасты (104%) және Ақмол (103%) ауылдық округтері бар. Алайда, анықталған резервтерді ескере отырып, жылдық жоспарларды түзету қажет.

Ауданда барлығы 6 017 салық төлеуші тіркелген, оның ішінде 4 945-і жеке кәсіпкер, 1 072-сі заңды тұлға. Жеке кәсіпкерлердің ең көп саны — Қоянды ауылында (955), ал заңды тұлғалар — Қабанбай батыр ауылдық округінде (145). Сонымен қатар 90 әрекетсіз жеке кәсіпкер және 70 әрекетсіз заңды тұлға анықталған. Олар негізінен Ақмол, Қараөткел округтері және Қоянды ауылында шоғырланған.

2025 жылдың басында жергілікті салықтар бойынша берешек көлемі 54,9 млн теңгені құраса, қазіргі уақытта 77,6 млн теңгеге дейін өсті. Қажымұқан, Ыбырай Алтынсарин және Қаражар ауылдарында берешекті азайтуда оң нәтиже байқалады. Алайда, кейбір округтерде бұл бағыттағы жұмыс әлі де жеткіліксіз деңгейде.

Салық түсімдерінің қосымша резервтерін анықтау аясында жалпы сомасы 110,2 млн теңгені құрайтын бұзушылықтары бар 90 салық төлеуші бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл сома негізінен Қызылсуат, Арайлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қараөткел ауылдық округтері мен Талапкер және Қоянды ауылдарына тиесілі.

Сондай-ақ, бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кейін қызметін тоқтатқан 40 тұлғаның табысты төмендету фактілері анықталды. Жалпы сомасы — 366,5 млн теңгені құрайды.

Негізгі бөлігі Қоянды, Қараөткел, Қажымұқан және Софиевка ауылдарында тіркелген.

1 гектар егістік жерге түсетін салық жүктемесінің коэффициентін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Аудандық орташа көрсеткіш — 6 294 теңге. Алайда, көрсеткіштер арасында айтарлықтай айырмашылық бар: мысалы, «Родина» Агрофирмасында — 19 453 теңге, ал «Антоновка» ЖШС-де — небәрі 864 теңге. Осыған байланысты әкімдік тарапынан салық жүктемесін теңестіру және бақылауды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.

Жыл соңына дейін жергілікті бюджеттің салық салынатын базасын ұлғайту мақсатында аудан әкімі жергілікті кіріс органдарында басқа өңірлерден келген сервистік компанияларды тіркеу бойынша жоспарлы көрсеткіштерді анықтауды, сауда объектілері мен көрсетілетін қызметтер саласына визуалды хронометраждық тексеру жүргізуді, жауапты органдарға жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық төлемейтін, әрекетсіз шағын және орта бизнес субъектілерін анықтауды тапсырды, жұмыстарды уақтылы және сапалы орындау бойынша тапсырмалар берілді.

Аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік кірістер басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмысты жалғастыратын болады.

Целиноград ауданының әкімдігі ауданның барлық шаруашылық субъектілерін салықтық міндеттемелерді толық әрі уақтылы орындауға шақырады. Жергілікті бюджетке тұрақты түсім — әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламалардың табысты жүзеге асуының кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/995915?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді