
Қарағандыда балалар киімін ұрлаған күдікті сот алдында жауап береді
Қарағанды қаласында балалар киімдерін ұрлады деген күдікпен 50 жастағы ауыл тұрғынына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Ол қаладағы сауда үйлерінің бірінде орналасқан бутиктен бірнеше мәрте ұрлық жасаған деген айыппен жауапқа тартылуда. Зардап шеккен — 34 жастағы кәсіпкер әйел. Алғашқы ұрлық дерегі бірнеше апта бұрын тіркелген. Сол кезде бутик сөресінен құны 24 550 теңге болатын спорттық костюм жоғалған. Арада екі апта өткен соң күдікті қайта оралып, бұл жолы жалпы құны 30 000 теңгеге бағаланатын үш балалар күртешесін алып кеткен. Кәсіпкердің шағымынан кейін Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шараларын ұйымдастырды. Жүргізілген жедел жұмыстардың нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталып, оның тұрғылықты мекенжайы бойынша полицияға жеткізілді. Тергеу барысында ер адам өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, ұрлық фактісіне қатысты нақты заттай және куәгерлік дәлелдер жиналды. Қылмыстық іс материалдары аяқталып, процессуалдық тәртіппен сот қарауына жолданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/996333?lang=kk
Жауап қалдыру