
Полиция қызметкері болуды армандаған бозбала мен бойжеткен тағдырдың тоғысуымен М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түсіп, өмірлерінің жаңа парағын бірге ашты.
Оқу орнында қатар білім алған курсант Жанібек пен Сайранның достық сезімдері бірте-бірте махаббатқа ұласып, кейін олар шаңырақ көтеріп, өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке негізделген шағын мемлекетін – отбасы құрып, өмір жолдарын бірге жалғастырды.
Оқуды үздік аяқтаған ерлі-зайыпты жас мамандар бүгінде әр салада абыройлы қызмет атқаруда. Жанібек – Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл. Ол – өз ісіне адал, тәртіп пен әділдікті басты ұстаным еткен білікті маман.
Сайран болса, қазіргі таңда өзі білім алған оқу ордасында – М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының тәрбие жұмысы бөлімінде инспектор. Бала кезінен өнерге жақын болған ол, бүгінде ән әлемінің бұлбұлына айналған шығармашыл жан.
Шагировтар отбасы бүгінде екі бүлдіршінді – Жұлдыз бен Жанәліні тәрбиелеуде. Қыздары Жұлдыз би үйірмесіне қатысып, жетістіктерімен ата-анасын қуантуда.
Қызметте – сенімді серіктес, үйде – жарасымды жұп болған Жанібек пен Сайран бір-бірін қолдап, қоғамдық қауіпсіздік жолындағы адал қызмет пен отбасылық құндылықтарды ұштастыра білген. Олар үшін полиция формасы – жай киім емес, халық алдындағы жауапкершілік пен абыройдың нышаны.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/996728?lang=kk
Жауап қалдыру