
Бүгін Түркістандағы Жеңіс саябағында «Ер есімі – ел есінде» атты патриоттық іс-шара өтті. Түркістан облыстық Бейнелеу өнері музейі осы шара аясында өзінің кескіндеме қорынан «Ел мен Ердің жеңісі» атты көрме ұсынып, келушілерге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған соғыс пен жеңіс тақырыбындағы туындыларды таныстырды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған шара қонақтары мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, көрмені аралады. Музей қызметкерлері: «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – ерлікке тағзым, елге рух берген тарихи белес!» дейді.
Көрмеге А. Байназаровтың генерал Сабыр Рахымов, Ә. Айдосовтың Бауыржан Момышұлы, Қ. Қансейіттің Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, О. Әбдрайымовтың Палан ақсақал, С. Баймырзаевтың Дүйсенбай ақсақал, А. Оспановтың «Соңғы сурет. Біз әлі кездесеміз», Г. Пономаренконың автопортреті, Е. Палымбетовтың «Сыр Ана», А. Шураеваның «1941», Е. Сейтқұловтың «Соғыс жесірі», Б. Сабаевтың «Хат тасушы», сондай-ақ Қ. Нұрбеков, Р. Абдулов, Ш. Әлімқұлова, Б. Бертаев, Н. Сауытбеков, А. Таңатов сынды суретшілердің туындылары қойылды. А. Шаржановтың «30 сәуір 1945 ж. Рейхстаг» атты еңбегінде Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі бейнеленген.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/995699?lang=kk
Жауап қалдыру