
2025 жылдың 20 сәуірі мен 20 маусымы аралығында республика көлемінде бастау алған «Отбасында зорлық-зомбылықсыз – Қазақстан» атты челлендж-флешмоб форматындағы акция аясында Бәйдібек ауданында ауқымды іс-шара өтті.
Ішкі істер министрлігінің 2025 жылды Құқық бұзушылықтардың профилактикасы жылы деп жариялауына сәйкес, «Полиция – Заң мен Тәртіп» атты кең ауқымды айлық шеңберінде ұйымдастырылған бұл акция полиция имиджін арттыруға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыруға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
Іс-шараның мақсаты – қоғам назарын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне аудару, отбасындағы өзара сыйластық пен қолдаудың маңызын насихаттау, сондай-ақ ішкі істер органдарына деген қоғамдық сенімді күшейту.
Іс-шараға аудандық құқық қорғау органдарының өкілдерімен қатар, жергілікті атқарушы органдар, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, сондай-ақ жастар мен мектеп оқушылары қатысты.
Бағдарлама аясында түрлі бағыттағы семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, көшпелі кездесулер, рейдтік іс-шаралар, форумдар мен қайырымдылық акциялар өткізілді. Іс-шара соңында полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді жастардың қатысуымен кең көлемді флешмоб ұйымдастырылды.
Флешмоб – отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен өзара қолдаудың маңыздылығын бейнелейтін мазмұнмен өтті. Бұл акция отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-baidibek-audany/press/news/details/997559?lang=kk
Жауап қалдыру