
Маңғыстау облысында биылғы оқу жылында 11-сыныпты 9 750 түлек аяқтайды. 23 мамыр күні өтетін «Соңғы қоңырау» салтанатында мектеп бітіруші түлектердің ақша жинауына, мектепке немесе мұғалімдерге сыйлық жасауына болмайды. Түлектердің автокөлік жалдап, қала ішінде немесе қоғамдық орындарда шеру құруына да тыйым салынады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова мәлімдеді.
Құралай Газимова ата-аналар мен оқушыларға қауіпсіздік шараларына қатысты тағы да бірнеше маңызды ескерту жасады. Спикер соңғы қоңырау кезінде іс-шараларға ивент-агенттіктерді, аниматорларды шақыруға тыйым салынып, аниматорлармен ойын-сауық өткізуге де жол берілмейтінін айтты. Ақша жинап, мерекелік дастархан жаюға да болмайды.
–Егер түлектер табиғат аясында серуен жасағысы келсе, мектеп әкімшілігінің бұйрығы, ата-аналардың келісімі, көліктің техникалық жарамдылығы, нақты маршрут, жауапты маман, дәрігер мен инспектордың қатысуы міндетті. Сондай-ақ, жергілікті полиция басқармасына жоспарланған бағыттар жөнінде жазбаша хабарлама берілуі қажет. Мейрамханалар мен дәмханаларда, басқа да көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыруға тыйым салынады, – деді басқарма басшысының орынбасары Құралай Газимова.
Брифингте Маңғыстау облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Нұрсейіт Оразов соңғы қоңырау өтетін білім беру ұйымдарына полиция қызметкерлері мен жауапты басшылар бекітілетінін айтты.
-Қоғамдық тәртіпті сақтау, жеке және мүліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция жасағы барынша жақын орналастырылады. Іс-шара күні бейнебақылау күшейтіледі. Барлық мектептерде әкімшілік, педагогтер, ата-аналар және түлектер арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кәмелетке толмағандарға темекі мен алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу мақсатында кәсіпкерлермен арнайы кездесулер өтеді. Сонымен қатар, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерге қатысты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Жастар жиналатын және ойын-сауық орындары ерекше бақылауда болады, – деді Нұрсейіт Оразов.
Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Арман Теңел соңғы қоңырау күні судағы және өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды.
– Құрметті, түлектер! Шомылуға арнайы жабдықталмаған, «Шомылуға тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде суға түсуге болмайды. Қайықтар, катерлер, пирстер немесе арнайы арналмаған құрылымдардан суға секіруге болмайды. Мас күйде шомылуға және жүзуге арналмаған құралдармен суға түсуге қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ мектеп басшылығы мен түлектер өрт қауіпсіздігіне ерекше мән беруі тиіс. Отшашу, фейерверк, пиротехникалық бұйымдарды қолдануға рұқсат жоқ. Ақауы бар электр құрылғыларын қолдануға тыйым салынады. Іс-шара өтетін орындар өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Өрт қауіпсіздігін бақылау үшін жауапты кезекшілік ұйымдастырылуы қажет. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарлау қажет, – деді Арман Теңел.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-edu/press/news/details/997387?lang=kk
Жауап қалдыру