
2025 жылғы 16 мамырда Абай облысы білім басқармасы мен Аягөз ауданы білім бөлімінің жылдық жоспары аясында жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қолдау, жетістіктерін дәріптеу және олардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатында «Дарындылар – даралар – 2025» атты дарынды оқушыларға арналған салтанатты шеру өтті.
Бұл тағылымды іс-шараға Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауржан Алтайұлы Түленов арнайы қатысып, білім мен өнердің қос қанатын тең ұстаған жас таланттарға ақжолтай тілегін арнады. Шеруге халықаралық,республикалық олимпиадалар,ғылыми жобалар,”Зерде”,”Жүз жаңа есім”” жобасы және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары қатысты.Дарынды шәкірттердің жетістігіне куә болуға келгендер қатарында Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жолдыбекұлы Молдабаев, ұлағатты ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Аягөз ауданының Құрметті азаматы Сәуле Мұқанқызы Ещанова, «Құрмет» орденінің иегері, ардагер ұстаз Айтқазы Оразбекұлы Қасымжанов және ардагер ұстаздар,ата-аналар, жеңімпаздардың жетекшілері катысты.Олар жас ұрпаққа жүрекжарды лебізін арнап, арнайы марапаттар мен сертификаттар табыстады.
Салтанатты жиын барысында оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, әуелете ән шырқап, жүрек тербетер жырлар оқыды. Жастардың жарқыраған болмысы, жалындаған үміті көрерменнің көңіл төрінен орын алды.
Шерудің қорытынды бөлімінде Аягөз ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрғали Тілекқалиұлы Азимбаев сөз алып, жыл бойындағы жетістіктерге шолу жасап, қала және ауыл мектептері арасынан суырылып шыққан «Жыл оқушылары – 2025» атағын иеленген өрендерді салтанатты түрде марапаттады. Үздіктерге арнайы ақшалай сыйлықтар мен «Жыл оқушысы – 2025» естелік белгілері табысталды.Жыл қорытындысы бойынша “Қалалық қазақ мектеп-лицейі”КММ оқушысы Қуанышқызы Амина және “Горный ЖОББМ”КММ оқушысы Сайлаубекова Бибінұр “ЖЫЛ ОҚУШЫСЫ-2025″атағын жеңіп алды.
Ұлт болашағы – дарынды ұрпақтың қолында десек, бұл шеру – сол үміттің алауын маздатқан игі бастама. Қонақтар, ардагерлер мен ұстаздар жас буынның талабына сүйсініп, рухани серпіліспен тарқасты. Жас дарындар – ел ертеңінің жарқын жұлдызы екені тағы бір мәрте айқындалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ayagoz-roo/press/news/details/998097?lang=kk
Жауап қалдыру