
Бүгін Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қала ұйымдарының қызметкерлері арасында спартакиада бастау алды.
Ашылу салтанатында қатысушыларды Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов құттықтады:
– Бүгін біз ерекше спорттық іс-шараға жол ашып отырмыз. Бұл – Жұмысшы мамандықтар жылына арналған маңызды бастама. Оның басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу және ұжымдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Бұл тек спорттық бәсеке емес, бұл – еңбек адамдарының бірлігі мен мақсаткерлігін, рухының мықтылығын айқындайтын нағыз мереке, – деді ол.
Спартакиаданың мақсаты – ұжымды біріктіріп, корпоративтік мәдениетті дамыту, командалық рухты, табандылық пен ерік-жігерді қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау.
Жарысқа қаланың түрлі саладағы кәсіпорындары мен ұйымдарынан 9 команда, жалпы саны 300-ден астам қатысушы қатысуда. Бағдарламаға армрестлинг, асық ату, бес асық, гир спорты, арқан тарту және волейбол сынды спорт түрлері енгізілген.
Спартакиада 18 мамыр күні жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен аяқталады. Жүлделі 1, 2 және 3 орын иегерлеріне кубоктар табысталып, барлық қатысушылар естелік медальдармен марапатталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-saraishyk/press/news/details/997981?lang=kk
Жауап қалдыру