
Атырау қаласындағы орталық жүзу бассейнінде Атырау облысының жүзуден жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы
біріншілігі өтті. «Даму бала» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сайыс облыстағы су спортының дамуына серпін бермек.
Жарысқа аймақтың түкір-түкпірінен келген 560-тан астам жас спортшы қатысып, өздерінің шеберліктері мен төзімділіктерін сынға салды. Барлығы 11 команда бақ сынап, жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсете білді.
-Бұл сайыс тек бәсекелестік емес, нағыз спорт мерекесіне, достық пен күш-жігердің символына айналды. Мұндай жарыстар балалардың тек физикалық емес, рухани дамуына да әсер етіп, оларды үлкен жетістіктерге жетелейді. “Даму бала” бағдарламасының басты мақсаты – жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және болашақ чемпиондарды тәрбиелеу,- деді ұйымдастырушы Әйгерім Бердіғалиева.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, медальдар және кубоктар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sport/press/news/details/998441?lang=kk

Жауап қалдыру