
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Камила Қуатова мен мектеп түлегі, қазіргі таңда Францияда білім алып жүрген Данил Мухалев әзірлеген құрылғы Маңғыстаудағы бірнеше кәсіпорында сәтті жұмыс істеп тұр. Қызметкердің функционалдық жағдайын жедел бақылауға арналған құрылғы – мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда жұмысқа кірісетін қызметкерлердің денсаулығын автоматты түрде тексереді. Құрылғы масаң күйді, дене қызуын, пульсті, қан қысымын және сатурацияны анықтап, нәтижесін шығарады. Жоба алғаш рет Solve for Tomorrow байқауында таныстырылып, кейін кәсіпорындарға орнатыла бастады. Қазір жүйе төрт нысанда, оның ішінде мұнай-газ саласындағы жеке кәсіпорында және облыс әкімдігінде қолданыста. -2024 жылдың 5 қарашасында біз өз жобамызға патент алдық. Қазіргі уақытта құрылғы толыққанды жұмыс істеп тұр, ал біз оны әрі қарай жетілдіріп, өндірісін Ақтауда жалғастырып жатырмыз, – дейді Камила Қуатова. Сондай-ақ, Камиланың айтуынша, қан орталығымен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр. -Бұл серіктестік аясында донорлардың жағдайын алдын ала тексеруге мүмкіндік беретін жүйені енгізу жоспарымызда бар, – дейді Камила Қуатова. Құрылғының маңызды жаңалығы — Face ID көмегімен қызметкердің арнайы киімін (мысалы, каска, қолғап) тексеру. Бұл – жұмысқа дайындықты бағалаудың қосымша мүмкіндігі. Зияткерлердің алдағы жоспары құрылғыны еуропалық нарыққа шығару, яғни өндірісті Қазақстанда қалдырып, құрылғыларды Еуропаға экспорттау. Бұл жоба – NIS оқушыларының ғылым мен инновацияға қосқан нақты үлесі. Айта кетсек, қазіргі таңда Камила Қуатова АҚШ-тағы Purdue University білім ордасынан шақырту алды. Зияткерлік мектептің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/997373?lang=kk
Жауап қалдыру