Атырау облысының тұрғындарымен кездесу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж.Әлиев Атырау облысының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, өңірдің негізгі экологиялық мәселелерін талқылады.

Атырау облысында 1-санаттағы қауіптілікке жататын 80-нен аса кәсіпорын бар. Олардың ішінде ірілері: «Теңізшевройл» ЖШС, «НКОК» компаниясы, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Атырау ЖЭО» ЖШС, «Атырау су арнасы» т.б. Өңірдегі жалпы шығарындылардың 90,0%-ы ірі кәсіпорындардың үлесіне (283 мың тоннаның 232 мың тоннасы) тиесілі. 2023 жылмен салыстырғанда шығарындылар көлемі 6 тоннаға азайған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Атырау облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешудің Жол картасы (2022-2025)» іске асырылуда, мұнда экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған 45 іс-шара қарастырылған. Қазіргі таңда оның 9-ы орындалды. Негізгі аспектілердің бірі автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату.

Жергілікті халықты толғандыратын маңызды мәселелердің бірі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары. Облыс бойынша 55 полигонның тек 8-і ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді, сонымен қатар, 168 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 125-і (74%) жойылды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Атырау облысының орман мекемелерімен 5,7 млн. астам ағаш отырғызылды, ал республика бойынша бұл көрсеткіш 1 млрд. 150 млн. құрайды.

Іс-шара барысында өңір тұрғындары елді мекендерді көгалдандыру, жануарларға жауапкершілікпен қарау, ҚТҚ шығару, қайта өңдеу және т.б. мәселелерді көтерді.

Кездесу соңында Жомарт Әлиев азаматтарды жеке қабылдау және БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/997441?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді