
А.ж. 16 мамырда Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық жер қатынастары Басқармасымен бірлесіп, нүктелік құрылыс жүргізу және жер учаскелеріне билік ету саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Н.Мақсотов, аумақтық департаменттің превенция Басқармасының бас маманы Д.Зинолла, сондай-ақ аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық жер қатынастары бөлімдерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында Д.Зинолла нүктелік құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндама жасап, жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты сыртқы талдау нәтижелерін ұсынды.
Талдау барысында жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мемлекеттік мекемелерге тиесілі жер учаскелерінің аудандары дұрыс көрсетілмеген фактілер анықталды.
Мәселен, мемлекеттік актіге сәйкес, интеллектуалдық дамуында кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа 3,78 гектар жер учаскесі бекітілген. Алайда, кадастрлық жүйеде бұл көрсеткіш 2,2 гектарға дейін жасанды түрде азайтылып, қалған бөлігі бос жер ретінде көрсетілген.
Нәтижесінде, 2016 жылы перспективалы қалалық аймақта орналасқан осы аумақтың бір бөлігі жеке тұлғаға көппәтерлі тұрғын үй салу үшін берілген.
Бұл факт тек департамент араласқаннан кейін ғана анықталып, учаске мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Мұндай мәселелерді шешудің негізгі қағидаты – заң мен тәртіпті бұлжытпай сақтау болып қала береді. Тек құқықтық нормаларға қатаң түрде бағыну азаматтардың билік органдарына деген сенімін, ашықтық пен әділдікке деген сенімін қамтамасыз ете алады
Кеңес қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және жер және қала құрылысы заңнамасы нормаларының сақталуын бақылауды күшейту жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-bko/press/news/details/997426?lang=kk
Жауап қалдыру