Ақмола облысында ірі мал шаруашылығы кластері құрылуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысының Торғай ауылдық округінде мал шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жоба іске қосылды. «Ерейментау-Астық» ЖШС 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы бар қой өсіру кешенін құру жұмыстарын бастады.

Кәсіпорын бас директорының орынбасары Қонысбек Нұрғазиннің айтуынша, жоба аясында бордақылау алаңы орналасатын базаны салу және жаңарту, қора-жайлармен қамтылған серуендету алаңдарын ұйымдастыру, астық қоймалары мен мал азығын дайындайтын цех салу жоспарланған. Сонымен қатар, тракторлар, азық тарату техникасы мен жем-шөп өндіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алу көзделіп отыр.

Кәсіпорын жыл басынан бері Катар мемлекетіне өнім экспорттауды бастап кеткен.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жоба аймақ үшін тірек нысанға айналып, тек жақын маңдағы елді мекендердің ғана емес, тұтастай ауданның дамуына серпін беруі тиіс.

Бұдан бөлек, Ерейментау қаласында тағы бір ауқымды жоба — жылына 10 мың басқа арналған ірі қара мал өсіретін агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысы қолға алынбақ. Жобаны «Big Farm» ЖШС жүзеге асырады.

Кешен жылына 90 мың тонна мал азығын және 7,6 мың тоннадан астам ірі қара еті мен ет өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жабдық жеткізуге келісімшарттар жасалған, сонымен қатар логистикалық компаниямен жабдықты тасымалдау жөнінде келісімге қол жеткізілген.

Мал және ет өнімдерін өндіруге бағытталған бұл тікелей интеграцияланған кешенге құйылатын инвестиция көлемі 77 миллиард теңгеден асады. Жоба аясында 380 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, қызметкерлер үшін тұрғын үйлер салу да жоспарға енген. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/995063?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді