Халыққа қызмет ету, антқа адалдық пен қайыспас рух – дәл осы қасиеттер Қасымовтар әулетінің негізін құрап, ХХ ғасырдың басынан бері құқықтық тәртіп пен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектерімен ерекшеленіп келеді.
Династияның бастауы – Қиын да күрделі революциядан кейінгі кезеңде мемлекеттік қызметтің қалыптасуына үлес қосқан Кушелеков Қасым есімімен байланысты. 1922–1927 жылдары ол Алматы облысы НКВД-нің 4-ші жеке арнаулы бөлімінің коммунарасы ретінде қызмет етті. Ал 1927–1932 жылдары волостық атқару комитетінің төрағасы лауазымын атқарды. Кеңес мемлекетінің іргесін қалауға және адал қызметіне орай, 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай Ленин орденімен марапатталып, одақтық маңызы бар зейнеткер мәртебесіне ие болды.
Атасының жолын жалғаған ұлы – Абдрахмет Қасымов. Ол – Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, 2-ші Украин майданының 992-ші авиациялық полкінің сержанты. 1943–1945 жылдары майдан даласында ерлікпен шайқасып, кейін 1952 жылға дейін әскери қызметін жалғастырды. Елге оралған соң, құқық қорғау саласына бет бұрып, 1967 жылы Қазақ КСР ІІМ Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің ведомстволық күзет бөлімінде милицияның старшинасы болып қызмет етті. 1995 жылы Жетісу аудандық ішкі істер басқармасында қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі аға инспектор лауазымымен зейнетке шықты.
Үшінші буын – Қасымов Еркін Абдрахметұлы – бұл қызметке деген адалдықты абыроймен жалғастырды. 1975–1977 жылдары әскери борышын өтеп, 1977 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқара бастады. Ол өзінің кәсіби жолын жедел уәкілден бастап, Алматы қалалық ІІД-нің СОБР бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Полиция подполковнигі шенімен зейнетке шығып, артында кәсіби біліктілігімен және тәлімгерлік қасиетімен есте қалды.
Қазіргі таңда әулеттің жолын Қасымов Елдар Еркінұлы жалғастыруда. Ол – Алматы облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі. 2000 жылдан бері ішкі істер органдарында еңбек етіп келеді. Оның негізгі қызметі – қоғамды радикалды қауіптерден қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ал жаңа буын – Елдар Еркінұлының ұлы Қасымов Дінмұхамед Елдарұлы 2021 жылдан бері ҚР Сақтық қызметінің Арнайы мақсаттағы күштер қатарында сержант шенінде қызмет атқаруда. Ол да өз әулетінің дәстүрін жалғастырып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында алдыңғы шепте еңбек етуде.
Қасымовтар әулетінің тарихы – батырлықтың, жанқиярлықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын шежіресі. Бұл – буыннан буынға мирас болған абырой мен ар-намыстың, жауапкершілік пен адалдықтың айқын көрінісі. Мұндай отбасылар – ел мақтанышы, ал жас қызметкерлер үшін – нағыз үлгі мен шабыт көзі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/994189?lang=kk
Жауап қалдыру