ШҚО делегациясы ҚХР СҰАА Алтай политехникалық колледжінде болды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына сапары барысында Алтай қаласындағы Алтай политехникалық колледжіне барды.
Алтай политехникалық колледжі – «қысқы спорт түрлері» мен «туризм» бағыттары бойынша маманданған жоғары кәсіптік білім беру мекемесі.
Колледж құрамына төрт білім беру құрылымы кіреді: Марксизм институты, Қысқы спорт түрлері институты, Туризм институты және Ауылдық аумақтарды дамыту институты.
Оқу орны өкілдерінің айтуынша, шаңғы спортының отаны саналатын аймақтың артықшылықтарын пайдалана отырып, колледж мамандандырылған кластерлерді дамытып келеді. Олар автономиялық ауданның он ірі салалық кластерімен және өңірдің бес басым саласымен тығыз байланысты. Атап айтқанда: «жасыл тау-кен өнеркәсібі», «таза энергетика», «ауқымды туризм», «денсаулық сақтау» және «ауқымды ауыл шаруашылығы».
ШҚО делегациясы Қысқы спорт түрлері институтына барып, көне аң терісінен жасалған шаңғылар шеберханасымен танысты. Мұнда дәстүрлі тері шаңғыларын жасаудың төртінші буын мұрагері Сыранбек Шахыш жұмыс істейді.
Сондай-ақ делегация қар мен мұз жабдықтарын техникалық қызмет көрсетуге арналған оқу-өндірістік залды, құрғақ керлингке арналған залды, сондай-ақ шебер әрі профессор Шань Чжаоцзянның шеберханасын көрді. Ол – Жаңа Қытай тарихындағы алғашқы шаңғы спорты чемпионы және «Алтай – адамзаттың шаңғы спортының бесігі» тұжырымдамасының насихаттаушысы.
Туризм институтының Сауықтыру орталығында қонақтар физиотерапия, кинезиотерапия, дәстүрлі әдістер, оңалту бағалау, арнайы терапиялар, еңбек терапиясы, туйна, инемен емдеу және дәстүрлі қытай медицинасының арнайы әдістері бойынша оқу зертханаларымен танысты. Мұнда студенттер әртүрлі әдістердің теориялық негіздері мен практикалық дағдыларын меңгеріп, дәстүрлі қытай медицинасы арқылы оңалту тиімділігін арттыруда.
Институт өкілдерінің айтуынша, Қытайдың дәстүрлі медициналық оңалту саласының дамуына қажетті кадрларды даярлау мақсатында дәстүрлі қытай медицинасы мен заманауи оңалтуды біріктіретін кешенді оқыту жүйесі қалыптастырылуда.
Климаттық жағдайлары Шығыс Қазақстанмен ұқсас өңірде орналасқан әріптестердің оң тәжірибесін ШҚО оқу орындарына енгізу үшін қарастырылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/998652?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді