«Таза қала — таза жағалау» акциясы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының ұйымдастыруымен «Таза қала — таза жағалау» акциясы өтті. Экологиялық акцияға еңбек жасағынан 150-ге жуық жас пен ерікті қатысты. Олар Қарғалы өзенінің жағалауын жинап, арықтарды тазартты.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, биыл 3200 жас жасақта еңбек етпек.
«Тазалық өзімізден басталады. Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде жастар Ақтөбе су қоймасын тазартып, қала көшелерін абаттандыру жұмыстарына атсалысуда. Жасақ жауынгерлері «Таза орман», «Ардагерлерді ардақтайық», «Менің атаулы ағашым» сияқты экологиялық акцияларға да өз үлестерін қосып жүр. Бүгінде Қобда, Шалқар, Байғанин аудандарында да еңбек жасағының жұмысы жанданды. 21-22 мамырда еңбек жасағының XXI маусымы салтанатты түрде ашылады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен белсенді жастар мен штаб басшылары қатысады деп жоспарлануда. Мұндай іс-шаралар жастардың құлшынысын арттырып, еңбекке баулиды», — дейді ол.

Еңбек жасағында екінші жыл қатарынан еңбек етіп жатқан белсенді жастарды бірі — Інжу-Маржан Болатова.
«Еңбек жасағындағы әр күнім көңілді өтіп жатыр. «Жасыл ел» талай жастың жұмыс жасап, еңбек етуіне септігін тигізеді. Өткен жылы еңбек жасағында белсенділік танытқаным үшін Алғыс хатпен марапатталдым. Жастарды әрдайым еңбекке баулып, оларды қала тазалығына атүсті қарамауға шақырамын», — дейді жасақ мүшесі.

«Жасыл ел» еңбек жасақтары төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің айтуынша, бүгінде қалада 400-ден астам жас еңбекпен қамтылған.
«Еңбек жасағының жұмысы наурыз-сәуір айларында басталды. Жұмыс жылдағыдай үш бағытта (құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру) жүріп жатыр. Олар 160-200 мың теңге көлемінде айлық алады. Осы жолы ұйымдастырылған экологиялық акцияға екі тиегіш техника жұмылдырылып, 12 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Алдағы уақытта Сазды, Елек өзендерінің жағалауын тазартамыз. Бұл, бір жағынан, жастарды еңбекке баулу, екіншіден оларға әлеуметтік көмек беру мақсатында қолға алынған бастама. Жасақ мүшелері осындай экологиялық акция арқылы қоршаған ортаға, табиғатқа жанашыр болып, жауапкершілікті сезінуге үйренеді», — деді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1000540?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді