Энергетика министрлігі «2025 жылы энергетикалық қауіпсіздік: энергия көшуі мен тұрақтылық арасындағы тепе-теңдік» атты панельдік сессияға қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана, 2025 жылғы 29 мамыр. Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Астана халықаралық форумында «2025 жылы энергетикалық қауіпсіздік: энергия көшуі мен тұрақтылық арасындағы тепе-теңдік» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысып, сөз сөйледі.

 

Өз сөзінде Ә.Жамауов Қазақстанда энергиямен сенімді қамтамасыз етуді және энергия көшу шараларын іске асыруды теңгерімді түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Ол мұнай-газ секторы елдің орнықты экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күші болып қала беретінін және ЖІӨ-нің шамамен төрттен бір бөлігін құрайтынын айтты.

 

Вице-министр энергетика саласына инвестиция тартуға бағытталған кешенді шаралар жөнінде баяндады. Бұл шаралар нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді және дәстүрлі әрі жаңартылатын энергетика саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қамтиды. Ол 2024 жылғы маңызды жобалар қатарында су электр станцияларының, жел және күн электр станцияларының құрылысын, сондай-ақ жылу электр станцияларын кеңейтуді атап өтті.

 

Мұнай-газ саласының дамуына ерекше назар аударылды. Бұл салада «Жақсартылған үлгілік келісімшартты» енгізу инвестицияларды ынталандырып, игерілген кен орындарында өндіру көлемін арттыруға ықпал етуде. Ә.Жамауов Қазақстанның ірі мұнай өндіруші ретінде өз позициясын нығайтып келе жатқанын және Каспий құбыр консорциумын қоса алғанда, мұнай экспорттаудың баламалы бағыттарын кеңейтіп жатқанын атап өтті.

 

Энергия көшуі аясында вице-министр Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін және 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін арттыру жоспарын айтты.

Сондай-ақ, Ә.Жамауов климаттық бастамалар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Оған Қазақстанның Жаһандық метан міндеттемесіне қосылуы және Тұрақты энергетикалық көшу платформасын (JETP) құруы жатады. Бұл платформа орнықты дамуға инвестициялар тартуға бағытталған.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1007612?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді