
Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда
Биыл ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ірі қазақстандық жоба іске асып жатыр. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ОКҚ брифингінде осы жобаларға тоқталды. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысында іске қосылып жатқан жылына 169 000 тонна өсімдік майын өндіретін «ALTAI MAI» ЖШС май зауыты бар. Бұл жобаның құны – 26,4 млрд теңге.
Сондай-ақ вице-министр Жамбыл облысындағы жылына 25 000 тонна өнім өндіретін «Алель Агро» АҚ құс фабрикасын іске қосу жоспарда бар екенін ерекше атап өтті. Жобаның құны – 14 млрд теңге.
«Министрлік шетелдік трансұлттық ірі компанияларды тарту бойынша да белсенді жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалардың тізімінде 15 шетелдік трансұлттық компания бар. Бұл 15 жобаның жалпы құны 4 трлн долларды құрайды. Ағымдағы жылы біз осы шетелдік трансұлттық компаниялармен ірі жобаларды іске асыру мақсатында инвестициялық шарттарға қол қойдық. Оның біріншісі – түркиялық «Alsera» компаниясымен Қазақстанда 500 га аумақта жылыжай кешенін салу бойынша жоба. Бұл Шымкент қаласында жылына 155 мың тонна қызанақ өндіретін кәсіпорын, құны 650 млн АҚШ долларын құрап отыр. Екінші жобаға осы айда қол қойылды. Араб елінің «QazaqArab Sugar» компаниясы «Қазақстанда қант зауытын салу» жобасын жүзеге асырады. Алматы облысында 500 мың тонна ақ қант өндіру жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобаның құны 580 млн АҚШ долларын құрайды», – деді вице-министр.
Толығырақ https://ortcom.kz/kk/novosti/1747910349 сайтында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1002472?lang=kk
Жауап қалдыру