
2025 жылғы 30 мамырда Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда» тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Жиында балалардың жарақат алуын болдырмау, суға шомылу, терезеден құлау және өрт қауіпсіздігін сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Баспасөз жиынына Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі С.Огай, Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы майор Н.Қаракөзев, Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Н.Педен қатысты.
Брифинг барысында спикерлер балалар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін тұрақты түрде түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алайда, сақтық шараларына қарамастан, жыл басынан бері Шымкент қаласында үш бала терезеден құлау салдарынан зардап шеккен. Бұл жағдайлардың барлығы ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы және терезелердің ашық болуы себепті орын алған.Сондай-ақ, жыл басынан бері қалада екі баланың өрт оқиғасы салдарынан қаза тапқаны белгілі болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл қайғылы жағдайлар балалардың отпен ойнауы салдарынан болған. Н.Қаракөзев өз сөзінде республика көлемінде 30-ға жуық адамның суға бату оқиғасы тіркелген, оның ішінде балалар да бар екенін атап өтті. Қуанышқа орай, Шымкент қаласында мұндай жағдайлар тіркелмеген. Дегенмен, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп жатыр.
Брифинг барысында 2025 жылғы 22 мамыр мен 1 маусым аралығында өтіп жатқан «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтылды. Осы кезеңде Шымкент қаласында «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» атты республикалық акция ұйымдастырылды. Акция шеңберінде 27 түрлі жерде – мектептерде, балабақшаларда, саябақтар мен халық көп жиналатын орындарда 4000-ға жуық баланың қатысуымен іс-шаралар өтті. Қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін насихаттайтын бейнероликтер көрсетіліп, 22 ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға 1000-ға жуық қала тұрғыны қатысты. Бұған қоса, 1 мамырдан бастап 216 іс-шара өткізіліп, 82 830 бала мен ата-ана қамтылды.
Спикерлердің айтуынша, мұндай кешенді жұмыстар балалардың қауіпсіздік дағдыларын ерте жастан қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамда қауіпсіздік мәдениетін арттыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1008573?lang=kk
Жауап қалдыру