
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында ішке тіліксіз (эндоскопиялық) оталар жасау жөнінде екі күндік тәжірибелік сабақ өтіп жатыр. Бұл шара облыстың бас онкологы Жандос Сейдахметовтің қолдауымен, сондай-ақ тәжірибелі дәрігерлер – Мұхамеджан Нұрғазиев, Серік Жәкіпбеков және хирургиялық бөлім жетекшісі Ерасыл Араповтың қатысуымен ұйымдастырылды.
Бүгін тоқ ішектегі қатерлі ісіктерді алып тастау бойынша екі бірегей ота сәтті жасалды. Бұл оталардың ерекшелігі – науқастың ішінен нәжіс шығатын жасанды тесік (стома) жасалмағаны. Соның арқасында науқастар күнделікті өмірге тезірек оралу мүмкіндігіне ие болады.
Ішек обырын ерте анықтау бағдарламасы аясында бір науқастан ісік бастапқы сатысында анықталды – ол тік ішектің аналь тесігінен 10 см жоғары орналасқан, көлемі 2,5–3 см шамасында болған. Тексеруден кейін науқасқа арнайы ота жасалып, ішек табиғи жолмен қайта жалғанды. Нәтижесінде, жасанды тесік қажет болмай, науқас қосымша ыңғайсыздықтан арылды.
Бұл тәжірибелік сабақ өңірдегі хирургияның дамуына үлкен үлес қосты. Дәрігерлер тек күрделі оталарды жасауды емес, отадан кейінгі дұрыс күтімді де үйренді. Оқытуға Меркі, Т. Рысқұлов, Мойынқұм аудандарынан және қалалық көпбейінді ауруханадан келген хирургтер қатысты.
Келесі тәжірибелік сабақ 2025 жылғы 28 мамырға жоспарланған. Онда қалқанша безге тіліксіз оталар жасалады. Бұл — өңірлік медицинаны жаңа технологиялармен жетілдіруге бағытталған тағы бір маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1008037?lang=kk
Жауап қалдыру