
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы секторы экономиканы дамытудағы маңызды бағыттардың біріне айналуда, әсіресе ауылдық өңірлер үшін. Мұндай бастамалардың жарқын үлгілерінің бірі – «Ауыл» партиясының бастамасымен Ақмола облысында жүзеге асып жатқан «Қаз хабы» жобасы. Бұл жоба ауылдық шаруашылықтарды дамытуға бағытталып, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға, оқыту мен табыс табу мүмкіндіктерін жасауға көмектеседі.
Жобаның аясында 29 мамыр күні Ақкөл ауданының Домбыралы, Амангелді және Наумовка ауылдарында 10 күндік жетілдірілген қаз балапандары жергілікті тұрғындарға таратылды. Бұл шара аймақтағы тұрақты агроөнеркәсіптік кластерді құру идеясының жүзеге асырылуындағы маңызды кезең болды. Ол өңір экономикасының дамуына және тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етеді.
«Қаз хабы» жобасы бірнеше негізгі міндеттерді көздейді. Біріншіден, бұл — су құсын өсіру технологиясына үйрету. Жобаның әрбір қатысушысы қаз балапандарымен бірге оларға дұрыс күтім жасау, азықтандыру және ұстаудың оңтайлы шарттары туралы білім алады. Бұл, әсіресе, бұрын-соңды су құсын өсіріп көрмеген жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды.
Екіншіден, жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Әрбір қатысушы отбасына 200 бастан қаз балапаны, бастапқы құрама жемдер мен ветеринарлық препараттар беріледі. Бес айлық кезең (қазан–қараша 2025 жыл) аяқталған соң, отбасылар әр төртінші қаздың етін инвесторларға қайтарады. Әрбір қаздың орташа сойыс салмағы 4,4 кг болады деп күтілуде. Бұл қатысушыларға етті сатудан тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.
Есептеулерге сәйкес, жоба жүзеге асырылып жатқан кезеңде шаруашылықтарда кемінде 7–7,5 тонна құс еті өндіріледі. Бұл жергілікті тұрғындар үшін сапалы еттің қолжетімділігін арттырып, ауданда жаңа жұмыс орындарын ашады. Қатысушылар етті сатумен қатар, өз сату арналары мен тұтынушыларын да қалыптастыра алады, бұл олардың қаржылық мүмкіндіктерін одан әрі арттырады.
– Дегенмен, «Қаз хабы» жобасы – бұл тек бастамасы ғана. Болашақта Ақкөл ауданында толық өндірістік циклды құру бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылмақ. Оның аясында инкубаторлық орталықтар, қаз фермалары, жем-шөп және сою цехтары, сондай-ақ ет, мамық пен қауырсынды өңдеу өндірістері ашылады. Бұл шаралар тұрақты агроөнеркәсіптік кластер құруға бағытталып отыр, ол тек жергілікті нарықты ғана емес, кең ауқымды қамтуға мүмкіндік береді, – дейді «Ауыл» партиясының орталық аппаратының бас сарапшысы, э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Гүлнара Асанова.
Оның айтуынша, мұндай кластер құру өндіріс көлемін айтарлықтай арттырып, фермерлер мен қайта өңдеушілер арасындағы тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға септігін тигізеді. Бұл сонымен қатар бизнес тұрақтылығын арттырып, тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.
Айта кету керек, бұл жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Оған қатысу арқылы көптеген отбасылар өздерінің қаржылық тұрақтылығын арттыра алады, бұл өз кезегінде өңірдегі өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді. Жаңа технологиялар мен дағдыларды үйрену – жергілікті тұрғындардың біліктілігін арттыру және қазіргі нарық талаптарына бейімделу жолындағы маңызды қадам болмақ.
Жалпы алғанда, Ақмола облысындағы «Қаз хабы» жобасы – бұл жай ғана қаз балапандарын тарату емес, ауыл шаруашылықтарын және кооперацияны дамытуға бағытталған «Ауыл» партиясының кешенді бастамасы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-akkol/press/news/details/1008060?lang=kk
Жауап қалдыру