Қазақстан Арменияға 348 млн АҚШ долларына 70 түрлі тауар жеткізуге дайын

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана халықаралық форумы (AIF) аясында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Армения Республикасының Экономика министрі Геворг Папоянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екендерін білдірді.

Арман Шаққалиев Арменияның Қазақстан үшін сенімді экономикалық әріптес қана емес, сондай-ақ өзара сенім мен қолдауға негізделген тығыз одақтас екенін атап өтті. Тараптар қазіргі геоэкономикалық жағдайда өзара сауданы, өнеркәсіптік кооперацияны және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Армения нарығы қазақстандық өңделген өнімдер экспортына айрықша қызығушылық танытып отыр. Бүгінде біз жалпы сомасы 348,2 млн АҚШ долларынан асатын шикізаттық емес 70-ке жуық тауар позициясын жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Армения Үкіметімен бірлесіп жеткізу шарттарын нақтылауға дайынбыз», деді Арман Шаққалиев.

Кездесу аясында экспортты қолдау құралдарына да ерекше назар аударылды. 2023 жылдың наурыз айында ұйымдастырылған бизнес-миссия барысында қазақстандық кәсіпкерлер армян импорттаушылармен және сауда желілерінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар келіссөздер өткізді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы бірлескен өндірістерді құру, сондай-ақ «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ тарапынан экспортқа бағытталған жобаларды қаржыландыру және сақтандыру мәселелері қарастырылды. Қазақстандық тарап армян әріптестерін осы бастамаларға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Министрлер сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның үйлестіруші орган ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Комиссияның 11-отырысын 2025 жылғы 10 маусымда бейнеконференция форматында өткізу жоспарланып отыр. Кездесу күн тәртібінде логистикалық маршруттарды дамыту, реттеуші рәсімдерді үйлестіру, цифрландыру және бірлескен салалық бастамаларды іске асыру мәселелері қарастырылмақ.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2023 жылғы сәуір айында Арменияға жасаған сапары барысында қол қойылған 2024–2025 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Құжат өзара сауданы ынталандыру, инфрақұрылымды және бірлескен өндірістерді дамыту, техникалық және әкімшілік кедергілерді жою шараларын қамтиды.

Кездесу соңында экспорт шарттары мен техникалық реттеу саласындағы жекелеген мәселелер талқыланды. Қазақстан тарапы өз ұстанымының ашықтығын растай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы нормалары мен ұлттық заңнама шеңберінде кедергілерді жою бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1008107?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді