
Жоба «Қостанай облысының психологтар қауымдастығы» қоғамдық қорының тапсырысымен аудан ішкі саясат бөлімінің және полиция бөлімінің бірлескен жұмысымен жүзеге асырылуда.
27 мамырда Қостанай ауданы Майколь ауылындағы тұрғындармен кездесу өтті. Онда полиция капитаны Тамерлан Ерденов телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кеңінен етек алып бара жатқанын айтып, соңғы уақытта Қостанай ауданында зардап шеккендер туралы мәліметтер берді. Оның айтуынша, биыл интернет алаяқтық салдарынан келген залал облыс бойынша 1 миллиард 100 миллион теңгеден асты. Тек Қостанай ауданында ғана соңғы уақытта азаматтар шамамен 55 миллион теңгеге зиян шеккен. Соңғы төрт жылда облыс бойынша жалпы залал 15 миллиард теңгеге жетсе, бүкіл ел бойынша бұл көрсеткіш 78 миллиард теңгені құрады. Бұрын мұндай қылмыстар айына орта есеппен 2-3 рет тіркелсе, қазір күн сайын тіркелуде.
Сол күні ауыл көшелерінде және қоғамдық орындарда «Заң керуені» атты интернет алаяқтыққа қарсы акция өтті. Онда ақпараттық парақшалар мен ескертпелер таратылды, қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтер берілді.
Жолыққан адамдармен әңгімелесу кезінде жоба мамандары алаяқтардың тактикасы мен әдістері адам қажеттіліктеріне және ғылыми-техникалық прогресс мүмкіндіктеріне қарай үнемі өзгеріп отыратынын атап өтті. Тамерлан Ерденов халықтан ақша алудың кең тараған схемалары туралы айтты: сіз үлкен қаржылық сыйлық ұтып алдыңыз, ол үшін белгілі бір сома салық ретінде аударылуы керек; сіздің нөміріңіз бұғатталады, бұдан құтылу үшін кодты теру қажет; интернет-дүкеннен зат сатып алдыңыз және курьерге жіберу үшін кодты көрсету керек. Қазіргі уақытта интернет арқылы адам туралы және оның отбасы туралы кез келген ақпаратты білуге болады, оны алаяқтар пайдалана алады. Сонымен қатар, ол Казатомпром, КазМұнайГаз және Kaspi Profit инвестициялық платформалары туралы да әңгімеледі, онда тез арада жинақтарды көбейтуге болатыны айтылады — бұл жалған ақпарат, бұл компаниялардың өкілдері бірнеше рет хабарлаған болатын.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың құрбаны болу қаупі ең сақ болған адамда да бар. Алаяқтықтан сақтанудың негізгі қағидаты — мұқият болу және сақ болу. Жалпы қауіпсіздік ережелері: жеке мәліметтерді (паспорт деректері мен банк картасының мәліметтері) телефон арқылы ешкімге айтпаңыз; ешқашан SMS-те берілген PIN-кодтарды бөліспеңіз; сілтемелерге өтпеңіз; күдікті жағдайды сезінсеңіз, дереу қолдау қызметіне немесе қауіпсіздік қызметіне хабарласыңыз; белгісіз нөмірлерге қайта қоңырау шалмаңыз; күдікті немесе жарнамалық нөмірлерді бұғаттаңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-audany-akimat/press/news/details/1008297?lang=kk

Жауап қалдыру