ШАУҒАР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті көшпелі кездесу аясында Шауғар секторының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысы және сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Қала әкімі тұрғындарға алдағы кезеңге жоспарланған жобаларды таныстырып, әрбір тұрғынның сауалына жеке-жеке жауап берді.
Айта кетейік, осыған дейінгі кездесулерде Шауғар секторына қатысты 28 мәселе тіркеліп, оның 17-сі орындалса, 11 мәселені оңтайлы шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, маңызды мәселелердің бірі – инфрақұрылым жүйесін жақсарту дұмыстары қарқынды іске асырылуда. Мәселен, ауыз сумен қамту деңгейін 99,5%-ға жеткізу мақсатында жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерге су жүйесін тарту және қайта құрудың 2-кезек жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ 2025 жылы 3200-ден астам абонент сапалы электр қуатымен қамтылып, 2026 жылы 22 шақырым электр желісі тартылады және жаңа трансформаторлар орнатылады. 185 жаңа абонентті табиғи газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Абаттандыру бағытында 3 жаңа ойын алаңы салынып, барлығы 19 ойын алаңы күтіп-ұстауға алынған. Төле би мен Сабырханов көшелерінің қиылысында МАФ орнату және аулаларды абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Жол жөндеу бойынша сектор аумағында 36 көшеге асфальт төсеу көзделіп, қазіргі таңда 19 көшеде жұмыстар аяқталған. Қосымша 12 көшеге жөндеу жүргізу үшін конкурс жарияланған.
Сектордағы көшелерді жарықпен қамту көрсеткіші 98%-ды құрайды, қалған 8 көшеге жарық орнату тамыз айына жоспарланып отыр. Қауіпсіздік пен цифрландыру бойынша жыл соңына дейін 35 бейнебақылау камерасы орнатылып, байланыс сапасын арттыру үшін 3 базалық станция қойылады.
Сондай-ақ, қазіргі таңда секторда 2 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді, қосымша 4 дүкен ашу жоспарланған.
Кездесу барысында қала әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген барлық мәселе кезең-кезеңімен және заң талаптары аясында шешілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында белсенділік танытуға шақырды.
Айта кетейік, қала басшысының халықпен көшпелі кездесуі бүгін 15:00-де ӘІО-ғы 9-шы көше бойында орналасқан №33 мектепте қорытындыланады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1007646?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді