31 мамыр – Қазақстан халқы үшін ерекше мәні бар, ауыр әрі қасиетті күн. Бұл ХХ ғасырдың ең қасіретті беттерінің бірі саналатын саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына тағзым ететін күн. Оған Кеңес Одағына мүше болған барлық елдің азаматтары ұшырады.
1921-1954 жыл аралық кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мың адамға қатаң жаза жарияланды.
1937–1938 жылдар сталиндік репрессиялардың шарықтау кезеңі болды. Бұл жылдары Қазақстанда мыңдаған адам «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, атылды, концлагерьлерге қамалды. Қуғын-сүргіннің негізгі нысанасына айналғандардың қатарында қазақ зиялылары болды.
Осы жылдары Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Мағазы Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов және басқа көрнекті қайраткерлер ату жазасына кесілді.
Қазақстан аумағында лагерлер мен қамау орындары бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі жұмыс істеді: Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кеңгір және Өскемен лагері.
Бұл әрекеттердің мақсаты – ұлттың тарихи жадын жою, ойлау еркіндігін тұншықтыру, жеке пікір айтатын азаматтардың санын сирету еді. Осы кезеңде қазақ интеллигенциясы қатарының азаюы елдің интеллектуалдық дамуына орасан соққы болды.
31 мамырда ашаршылықтан қаза тапқандарды да еске алады. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды нәубеттен әсіресе қазақ халқы қатты зардап шекті. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталды. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі – 1993 жылғы 14 сәуірдегі “Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы” заң.
2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия мұрағаттық зерттеулер жүргізеді. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргінге қатысты барлық тарихи материалды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрыла бастады.
Жауап қалдыру