АУДАНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
АУДАНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖИЫН ӨТТІ
Аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Мәжілісте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Қалдарқызы баяндама жасап, негізгі салалардағы көрсеткіштерге тоқталды.
Баяндамада жалпы өңірлік өнім көлемінің 84,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,8%-ға артқаны, сондай-ақ өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өсім бар екені айтылды. “Өңдеу өнеркәсібі мен электр қуаты салаларында жоспардан жоғары нәтиже көрсетілгенімен, ауыл шаруашылығында НКИ межеленген 106,5%-ға жетпей, 101,9% деңгейінде қалып отыр”, – деді Алтынай Қалдарқызы.
Сонымен қатар, құрылыс пен тұрғын үй саласында да көрсеткіштер төмен. “Құрылыс жұмыстары 2,6 млрд теңгемен шектеліп, тұрғын үй беру көлемі де жоспардан едәуір кеміді”, – деп атап өтті бөлім басшысы.
Аудан ағымдағы жылдың 1 тоқсан қорытындысымен облыстық рейтингте 10-орынға түсіп, 75 көрсеткіштің 16-сы орындалмай қалған. Бұл – құрылыс, құқық қорғау, ауыл шаруашылығы және білім салаларындағы кемшіліктердің салдары.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Сабитов:
«Әр көрсеткіш – аудан дамуының айнасы. Сондықтан тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдері атқарылмаған жұмыстар үшін қатаң бақылауда болады. Жауапкершілікті сезініп, алдағы айларда көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз ету қажет» – деп атап өтті.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-sairam-audany/press/news/details/1010130?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді