
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сауран ауданының орталығында жаңа балалар саябағының ашылу салтанаты өтті. Аталған игі жоба аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, бүгінгі таңда пайдалануға берілді. Жобаның тапсырыс берушісі – Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, саябақтың ресми ашылуын жасады. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, ауданның зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар жаңа нысанмен танысты.
Жалпы аумағы 2,14 гектарды құрайтын жаңа саябақ заманауи талаптарға сай жабдықталған. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, үлкен ойын алаңы түрлі жастағы балаларға арналған заманауи әрі қауіпсіз құрылғылармен қамтылған. Алаң жұмсақ жабынмен төселіп, қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді.
Сонымен қатар, саябақ аумағы көгалдандырылып, 2113 шаршы метр жасыл белдеу қалыптастырылды. Демалуға арналған көлеңкелі аймақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, орындықтар орнатылған. Табиғи атмосфераны жандандыру мақсатында саябаққа 12 түрлі ағаш түрлері, 88 дана шырша, 25 дана писсарди, 20 дана шынар, 30 дана раушан гүлі және 40 дана магония көшеті отырғызылды.
Жаңа саябақ – балалардың денсаулығын нығайтып, белсенді демалысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ табиғатпен етене жақын болуына жағдай жасайтын ашық әрі жайлы кеңістікке айналып отыр. Бұл – аудан халқы үшін ерекше қуаныш, ал балалар үшін үлкен тарту болды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1009625?lang=kk

Жауап қалдыру