
Балалық шақтың спорттық калейдоскопы: Қарағандыда Орталық саябақта күш пен достық мерекесі өтті
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында ерекше көңілді әрі серпінді спорттық шара ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараны Қарағанды облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі, Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасы, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы бірлесе өткізді. Шараға 15 пен 17 жас аралығындағы мектептер мен колледждердің 80-нен астам жас спортшысы қатысты. Спорттық бағдарламалар эстафетадан басталып, арқан тарту мен баскетбол сынды қызықты жарыстарға ұласты. Бұл сайыстар қатысушылардың шапшаңдығы мен ептілігін, сондай-ақ командадағы үйлесімділікті айқындап берді. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің бойында салауатты өмір салтына деген оң көзқарас қалыптастыру, тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға қызығушылық ояту және бір-біріне деген құрмет пен достықты нығайту.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер: Баскетбол турнирі: Теміртау қаласындағы №20 мектеп-лицейі; Қарағанды тамақтану және сервис колледжі; Шахтинск технологиялық колледжі. Арқан тарту жарысы: Шахтинск технологиялық колледжі; Қарағанды тамақтану және сервис колледжі; Қарағанды теміржол колледжі. Эстафета:Қарағанды қаласындағы №11 орта мектеп; Теміртау қаласының командасы; Ақтас кентіндегі №13 мектеп. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар мен кубоктар табыс етілді. Бұл марапаттар олардың спорттағы жетістіктерінің және салауатты өмір салтын насихаттаудағы белсенділігінің символына айналды.
Мұндай бастамалар – өскелең ұрпақты дене тәрбиесіне баулып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік пен ұжымдық рухты қалыптастырады. Қарағанды облысы Полиция департаменті бұдан әрі де жастарды қолдауға және олардың жан-жақты дамуына бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыра беретін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1009726?lang=kk

Жауап қалдыру